• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 17:39:14
Алматы
+35°

22 Маусым, 2017 NEWS

МҰНАЙ БАҒАСЫ ҚҰЛДЫРАДЫ. ҚАЗАҚСТАН ЭКОНОМИКАСЫН НЕ КҮТІП ТҰР?

Бүгінгі таңда мұнай бағасының құлдырауы, соның салдарынан теңгенің құнсыздануы, девальвация мәселесі – қоғамдағы басты назарға іліккен мәселелерге...

Бүгінгі таңда мұнай бағасының құлдырауы, соның салдарынан теңгенің құнсыздануы, девальвация мәселесі – қоғамдағы басты назарға іліккен мәселелерге айналып отыр. Еліміздегі экономикалық тәртіп қандай, болашағы қандай? Теңге әлі құнсыздана ма? Девальвация орнай ма? Мұнай бағасы не себепті арзандады? Елімізде мұнай саласына балама ретінде қай сала дамыды? Қамшы ақпараттық агенттігінің тілшісі осы сұрақтардың жауабын білу үшін экономистердің пікірін білді.

Айта кетейік, ұлттық валюта бағамы KASE қор биржасының күндізгі саудасында 326,63 теңгеге тең болғаны жарияланған. Осыған дейін 21 маусымдағы таңғы сессияда доллар бағамы 325,77 теңге еді. 21 маусымдағы күндізгі сауданың бірінші келісімі 326,2 теңгемен өтті. Минималдық құны 325,9 теңге болды, ал максималдық құны 327,06 теңгеге жетті. Сауданың жалпы көлемі 243,55 миллион долларға жетті. Ұлттық валютаның долларға шаққандағы бағамы 326,5-327,9 теңге аралығында саудаланып жатыр. Brent маркалы солтүстіктеңіз мұнай қоспасының құны Астана уақыты бойынша сағат 15.20-да барреліне 45,84 доллар болды.

БІЗДЕ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТӘРТІП ЖОҚ

Экономист Бейсенбек Зиябектен мұнай бағасының құлдырауына байланысты теңгенің бағамында болатын өзгерістер жөнінде пікірін білдік.

 Жалпы экономиканы мұнай бағасына, соның салдарынан теңгенің құлдырауына, не болмаса нығаюына байлансытырып қойғанымыз жасырын дүние емес. Сондай-ақ біздің экнономикада бағаға болжам жасау мүмкін емес,  себебі біздің экономика – дамымайтын экономика. Оған ешкім болжам бере алмайды. Қандай да бір болжамды экономикасы дамыған, өз-өзіне қамтамасыз ететін мемлекеттер ғана бере алады. Ал біз оның қатарына да кірмейміз. Сондықтан бізде мұнай құласа, теңге де құлайды, мұнай нығайса теңге де нығаяды. Мұның бәрі күнделікті, әдеттегі атқарылып жатқан жұмыс.

Жасыратыны жоқ, біздің экономикалық саясатта тұрақты, модельді, жоспарлы дамимыз деген концепция жоқ. Кейбір азаматтардың «анау да болады, мынау да болады» деп бағдарлап жатқан болжамдарын дұрыс деп есептемеймін. Елімізде ешқандай ғылыми негізделген модельді жүйе дамып келе жатқан жоқ. Ұлттық теңгеге байланысқан мәселе, Ұлттық банктің соңғы кезде істеп жүрген тірліктері теңгеге ғана емес, бүкіл қаржы жүйесіне деген сенімді төмендетіп жіберді. Сондықтан қазір бірнәрсені болжап айту өте қиын. Бізде қаржылық тәртіп жоқ. Ұлттық банкт халық алдындағы жауапкершілікті сезінбейді. Біз өзіміздің теңгемізді, экономикамызды тұрақты дамытуды қажет деп ойлайтын болсақ, алдымен жауапкершілігімізді арттыруымыз қажет, тәртіп қажет. Ал бүінгі таңда әркім өз ойына келгенді істеп жатыр.

Еске салар болсақ, осыдан 1 жыл бұрын мұнай бағасы түскенде, сарапшылар ендігі жолы мұнайға тәуелді болмайтынымызды, Қазақстанның мұнайға бәскелес болатындай басқа сала тұрғысынан дамитынын айтқан. Міне, арада 1 жыл да өтті. Не өзгерді, не дамыды? 

Оның барлығы салмағы жоқ әңгімелер. Ондай жолды, модельді тауып алатын болсақ, оны 25 жыл бойы кімнен жасырып келдік? Оның бәрі құр пиар. Халықты жұбатып қою мақсатында туған әңгіме. Ондай дамудың моделі жоқ, оны әлі ешкім ойлап тапқан жоқ. Әр мемлекет үшін тұрақты дамудың астарында бірнәрсе жатыр, ол – үлкен жауапкершілік, білімділік, сол істі жақсы білу. Ал бізде ондай жоқ. дәл балабқшадағы  секілді «ананы анау бүлдірді, мынаны мынау бүлдірді» деп бірі-біріне жауып, кішкентай балалардың әңгімесіне көшкен. Халық олардан нәтиже күтіп отыр емес пе?!

Ал елімізде девальвация болуы мүмкін бе? Бұл сұрақты да жауапсыз қалдырмады.

Мен девальвация болады, болмайды деп түсініктеме бере алмаймын. Жоғарыда айтып өткенімдей, бізде дамымаған экономика, жауапкерішілгі аз экономика. Сондықтан жоспар беру өте қиын. Алдымызда не болатынын есептеп, сол дәрежеге, сол жоспарға жету үшін, шенеуніктердің жауапкершілігін арттыру қажет.

Ол жауапкершілік қашан артады? Халық алдындағы жауапкершілік қашан жүйеге келеді?

Негізінен, Елбасының талаптары, мақсаттары, бәрі дұрыс. Сол мақсаттарға жететін, сол мақсаттарды орындайтын, деңгейіне жеткізетін шенеуніктер жоқтың қасы. Шенеуніктер білімді болуы қажет. «Халықтан ұят болады» деген сөзді үйренулері қажет.

ҚЫСҚА МЕРЗІМДЕ ТЕҢГЕ ҚАТТЫ ҚҰНСЫЗДАНБАЙДЫ

Дәл осы сұрақтардың жауабын экономист Мақсат Халыққа қойып көрдік. Экономист болашақта Қазақстан экономикасының қарыштап дамитынына сенімді.

Жалпы қазіргі таңда расымен мұнай бағасы құлдырап келе жатыр. Мамыр айының 22-сінен бері қарай қарайтын болсақ баррельдің 10 долларға дейін арзандағанын байқаймыз. Бүгінде 45 доллардан сатылып жатыр. Ең негізгі себеп – осы. Теңгенің бағамына әсерін тигізіп, 325-326-ға барып тұрғаны осы себептен деп айтуға болады.

Мұнай бағасы не үшін арзандап жатыр?

Себебі картельедрдің келісімі ойдағыдай болмады. Келісім болған күннің өзінде оған тәуелсіз ойыншылар, АҚШ, Иран, Сирия сынды мемлекеттер, ең негізгісі АҚШ-тың экспорты әсерін тигізіп отыр деп айтуға болады. Өткен жылдың соңында-ақ бұл картельдердің келісімін АҚШ бұзуы мүмкін деген болжамдар айтылған. Бүгінгі таңда біз осы сценарийді байқап отырмыз.

Тағы бір айта кететіні, жанама түрде әсер етіп отырған жайт АҚШ «федералды резервтер» жүйесінің доллардың тиісті пайыздық мөлшерлемесін көтеру болып табылады. Бір жылдың көлемінде ақырын, байыппен доллардың бағасын арттырып келе жатыр. Және жыл соңына дейін тағы екі мәрте өсімді жоспарлап отыр. Сондықтан бұл да белгілі бір дәрежеде теңгенің құнсыздануына, дамушы елдердегі барлық валюталардың құнсыздануына септігін тигізеді деп айтуға болады.

Және тағы бір әсерін тигізетін үлкен фактор – Ресейдің рублі. Ресей үкіметі рубльдің құнсыздануын қалап отыр деп айтуға болады. Себебі олар сол арқылы ел экономикасы үшін көбірек табыс тауып отыр. Осы сынды негізгі факторлар теңгеміздің құнсыздануына әсерін тигізіп отыр.

Бүгінгі таңда мұнайға бәсекелес болатындай елімізде қандай сала дамыған?

Жақсы сұрақ. Қазіргі таңда басымдықтар, стратегиялар жасалып отыр. Басымдық беріп отырған салалардың бірі – қызмет көрсету және логистика саласы. Логистика саласы бойынша, бізде алдыға қарай өрлеу бар. Оның ішінде нақтырақ айтатын болсақ, Батыс Еуропа, Батыс Қытай дәлізі, Ұлы Жібек жолы идеясы. Осы салалар кішкене болса да экономикамызға балама салалар болып табылады. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы. Ауыл шаруашылығы біздің экономикамызға негізгі ықпал етуші саланың болары анық. Бірақ жемісін беруі үшін біраз жылдар керек. Осы сала бойынша кішкене күте тұру керек және мемлекет тарапынан қолдауды доғармау керек. Туризм және көмек көрсету салалары біздің экономикамыздың жаңа келбетін қалыптастыруға септігін тигізеді.

Күтпеген жерден девальвация болуы мүмкін бе? Теңге қай шекке дейін құлдырайды?

Әбден мүмкін. Әрі қарай мұнай бағасының қалай өзгеретінін нақты болжау қиын. Бірақ та құлдырау байқалып жатқандықтан, қайтадан көтеріліп кетеді деп айта алмаймыз. Бұл үрдіс жалғасуы мүмкін. Бірақ қысқа мерзімде теңге қатты құнсызданабауы керек. Өйткені мемлекеттің бюджетте бекітілген курсы – 330. Қымбаттайды дегеннің өзінде ең көбі 340-345-ке дейін баруы мүмкін. Теңге мен доллар арасы осындай сомада болуы мүмкін деп ойлаймын. Ұлттық банк әзірге араласып отырған жоқ. Ал егер жағдай қиындап жатса, банк өктемділік саясатын жүргізуді жоққа шығармаймыз деп отыр. Демек теңге қатты құнсызданатын болса, Ұлттық банктің араласатыны жайында айтуға болады.

Сұхбаттасқан: Гүлім ЖАҚАН

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір