• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 14:43:38
Алматы
+35°

16 Маусым, 2017 NEWS

Т. ЖАМАНҚҰЛОВ ҚОҒАМДА ДАУҒА АЙНАЛҒАН СҰРАҚТАРҒА ЖАУАП БЕРДІ

15 маусымда «Қазжол» қонақүйінде Қазақстанның Халық артисі, ҚР мемлекеттік сыйлығының иегері Тұңғышбай Жаманқұлов баспасөз мәслихатын өткізді, деп...

15 маусымда «Қазжол» қонақүйінде Қазақстанның Халық артисі, ҚР мемлекеттік сыйлығының иегері Тұңғышбай Жаманқұлов баспасөз мәслихатын өткізді, деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі.

Баспасөз мәслихатында Т. Жаманқұлов осы іске және қоғамда үлкен дау тудырған өзіне қатысты басқа да сұрақтарға жауап берді. Мәслихатқа Т. Жаманқұловтың қорғаушысы - Бақыт Қадырбекова, жары - актриса, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Дәрия Жүсіп, шәкірті - композитор Қадырғали Көбентай және желтоқсаншы - Гүлбахрам Жүніс қатысты.
 

Баспасөз мәслихатында "Феникс" фильміне қатысты қозғалған қылмыстық іске байланысты № 2 Медеу аудандық сотының өзіне шығарған үкімімен келіспейтін Т. Жаманқұлов Алматы қалалық сотына апелляциялық шағым түсіретінін айтты.

Тұңғышбай Жаманқұловтың айтқандары

"Ол кезде ректор еді..."

Арыстанбек Мұхамедиұлы министр болмай тұрып, Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының ректоры болды. Ол ректор болып келген күннен бастап-ақ келеңсіз жағдайлар орын ала бастады. Оқуға грантқа түсу үшін, магистартураға түсу үшін белгілі бір сомада қаражат тағайындалды. Ал қаражатты бермеген адам академияның маңына да жолай алмаған. Оны Жүргеновте бүгінгі оқып жатқан немесе оқып кеткен кез-келген студент пен магистранттан сұраңыздар, батыл болса, шындықты айтады.

"Бар кикілжің мынадан басталды..."

Мен өнер академиясында профессор едім, 25-30 жылдай академияда қызметте болдым, талай еңбегім сіңді. Арыстанбек Мұхамедиұлы ректор болып жүрген жылдары шәкірт қабылдауым керек болды. Сол тұста ректор «бәлембай» адамды қабылдайсың деп қолыма тізім ұстатты. Бөлінгені 12 гарнт еді, ал Арыстанбектің тізімінде 11 адам. Бірақ ол тапсырманы орындауға қарсы болдым. Содан бері арамыз ушығып кетті. Сол түні сағат 23-те маған хабарласып, қоқан-лоқы көрсетуін бастады. «Мен сені құртамын, сен менің әлі кім екенімді білмей жүрген көрінесің».

Мен артық кетпейін деп ойладым да, еркектерше сөйлесіп, түсінісейік деп шештім, ертеңінде өзінің алдына барып сөйлесерміз деп ойладым. Таңертең бардым, мені кабинетіне кіргізбеді. Тіпті, адамдарына Тұңғышбай Жаманқұловты кабинетіме жолатпаңдар деген бұйрық берді, менің көзімше. Содан бері 3 жылдай сөйлескен жоқпыз.

Сонымен қоса, оның тізіміндегі барлық адам оқуға қабылданды. Менің де қабылдаған шәкірттерім оқуға түсті. Сөйтіп, 2-ші топ құрылды.

"Ол министр болып тағайындалған жыл..."

Арыстанбек Мұхамедиұлы 2012 жылы Мәдениет және спорт министрі болып тағайындалды. Сол жылдың тамыз айында мені Елбасы қабылдады. Желтоқсан көшесіндегі ғимарат жөнінде сұранғанмын, сөйтіп Елбасына бар мәселені айттым. Содан бастап маған министрліктің адамдары хабарласып, не айтқанымды сұрастырды.

Сол жылдары мен «Феникс» фильмін түсіруді жоспарлап жүргенмін. Идеясы – өзімнің жақсы көретін інім, шәкіртім Жәнібеков Талғадтікі. Өзі келіп, маған өтініш жасап, космонавтика саласында бір кино түсірейік, Қазақстанның имиджін көтерейік, америкалықтардан кем емес кино түсіріп шығайық деген соң, ойын қолдап келістім. Үкімет адамдарына кіріп, осы мәселе жөнінде айттым. Ол кезде Мәсімовтің премьер болған кезі, ойымды қолдап, кино түсіруге қаражат бөлді.

Арыстанбек Мұхамедиұлы министр болып келген соң, менің өмір жолымды, өнер жолымды тексере бастады да, көзіне осы «Феникс» түсті. Киноға бөлінген 550 млн.ның 100 млн.ы 1 жылға кету керек болған. Дайындықтарға арнайы бөлінетін қаражат бар.

"Мәдениет министрі аяққа тұсау салды..."

Сол кездегі Қазақфильмнің директоры – Ермек Аманшаев, Мәдениет министрі  болған – Мұхтар Құл-Мұхаммед біздің идеямызға өте жақсы баға беріп, жол беріп, іске кірісіп кеткен едік. Бірақ бүгінгі министр жолымызды бөгеп, аяққа тұсау салды. Ай сайын берілетін ақшаны тоқтатты. 20-30-дай жұмысшы айлықсыз жүрді. Өзім де алдына екі-үш рет бардым. Бұрынғы ренішті ұмытпаған болса, ретке келтіріп, бір-бірімізге түсіністік танытайық деп ойладым. Бірге жұмыс жасауға ұсыныс жасадым. Бәрі бекер болды. Сөйтіп, ақша түспегендіктен инвестор іздеуге көштік. Талғад Жәнібеков шетел асып, ақыры инвестор тапқан еді. Инвесторымыз Қазақстанға келе жатқан жолда, министр оның да жолын бір тәсілдермен бөгеп, тоқтатып тастады.

Ашуға булыққан біз арызданып едік, «Қазақ елі» фильмін сылтауратып, бізге нақақтан нақақ жала жапты. 79 миллионды мойнымызға арта салды.     

"Министр арыз жазды..."

Арыстанбек Мұхамедиұлының өзі прокуратураға арыз жазды, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне тапсырма берді. Ондағы тергеушілер жендеттерге көбірек ұқсайды. Сөйтіп бізді тергей бастады. Мен бар мәселені режисер мен орындаушы продюсерге сеніп тапсырған едім, себебі өзім қаражат мәселесіне араласпағанмын. Не керек, «Қазақфильм» АҚ экономика және қаржы жөніндегі директоры Гаухар Ысқақова мен орындаушы продюсер Юдинаны түрмеге отырғызды.

"69 миллионды мойныңа аласың, 7 жылға отырасың..."

Осы жағдайлардан кейін министрмен өзінің шақыртуы бойынша Астанада кездестік. Кездесе сала қоқан-лоқы көрсете бастады. Әңгіме арасында Еңлік Сыдықованың жайы да қозғалды.

Айта кетейік, Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының бұрынғы түлегі Еңлік Сыдықова Арыстанбек Мұхамедиұлын «қызға қырындағыш» деп айыптаған. Прокурорға берген түсінігінде Тұңғышбай Жаманқұлов өз көзімен көрмегенін, алайда қауесеттің бары шындық екенін айтқан.

Ол жағдай үшін министрден кешірім сұрадым. Қателіктерді түзетіп, салмақты түрде сөйлескенмізді қаладым. Ол орнынан атып тұрды да «Болды, сотталасың, 69 миллионды мойныңа аласың, 7жыл отырасың!» деді. Тіпті президентке хат жазуымды, хатта бәрін мойындағанымды қалады. Тек солай ғана Арыстанбек Мұхамедиұлын тоқатата алады екенмін. Мен әрине қарсы болдым. Бірақ өтінішін орындап, елбасына араша түсуін сұрадым. Бірақ ол министрге ұнамады. Оның айтқан хаты бойынша мен былай деп жазуым тиіс еді: Фильмге осындай ақша бөліне сала, ойымды бірден арамдық жайлады. Ақшаны жеуім керекпін деп ойладым. Режисер-продюсерлермен қосып, қылмыстық топ құруды армандадым. Бірақ министр біліп қойып, мені дер кезінде тоқтатты. Оған жететін министр жоқ, мені тоқтатпаса, мен жеуді жалғасытра беретін едім.

"Мұхамедиұлынан бәрі қорқады екен..."

2 қараша күні мені қаржы полициясына шақырды. Мені тергеген Мужиков деген адам. Тергеу нәтижесінде 5 миллиондай дұрыс жұмсалмаған ақша табылыпты, қыздар соны маған аударған екен. Әлгі тергеуші соны мойныңызға алып, жұмысыңызды әрі қарай жалғастырыңыз, сізге 65-бап бойынша іс қозғаймыз да, босатамыз деді. Амал жоқ, жұмысты қайта жалғастыру үшін келісуге тура келді. Бір қадам артқа жасап, екі қадам алға жылжиын дедім де, Мужиковтың айтқанына келістім. Бәрін бітіріп, шындықты дәлелдеуге кірісемін деп ойладым. Сөйтіп мені түнгі 12-де үйге босатты.

Ертеңінде тұрсам, әлеуметтік желіде «Тұңғышбай Жаманқұлов кінәсін мойындады, 69 миллионды жымқырыпты. Жартысын төлей бастады» деген ақпар тарап кетіпті. Мені алдағандарын көтере алмай, сол күні емханаға түстім. Адвокатыма хабарласып, істі тоқтататынымды айттым.

Бас прокуратураға арыз түсірдім, ол қаралған жоқ. Сөйтіп сот басталды. Сотта 69 миллионның қалай жаратылғанын дәлелдеп шықтық. 44 миллионы Астанадағы есеп комитетіне өткен. 35 миллионда тапсыру керек боды, бірақ Мұхамедиұлынан қабылдамасын деген бұйрық түсті. Сотта бәрін дәлелдедік.

Бәрін былықтырған Юдина деген атқарушы продюсерім еді. Айлық аз деп, бәріне артық ақша жаздырған. Ал судья не істейді? Арыстанбек Мұамедиұлының айтқанын екі етпейді, әрине, айтқанының бәрін орындап, бап бойынша жұмыс жасайды. Мұхамедиұлынан бәрі қорқады екен, біз оның сондай үлкен адам екенін білген жоқпыз.

Мужиков пен министр маған қарсы іс қозғағанда , Тұңғышбай Жаманқұлов Қылмыстық топ құрған деп жазған. Ал Юдина не істесек те, Тұңғышбай Жаманқұловтың айтқанымен жүрдік деген. Барлық қаражат мәселесімен айналысатын Юдина еді, мен ол жөнінде бас қатырмайтынмын. Сейфтің кодын да білмегенмін. Өз ісінің маманы болған атқарушы продюсеріме кәміл сендім.

Тұңғышбай Жаманқұловтың соңғы айтқаны

Қымбатты халқым, қымбатты қазақ елі, мен есімді жиғалы ұлтым деп келе жатқан адаммын, өнер жолын ұлтым үшін таңдадым. Өз ұлтымның әнін, өнерін жақсы көрген адаммын. Отбасымда 11 баланың тұңғышымын. Анам бар, ол кісі ештеңені білмейді. Көтере алмай қала ма деп, айтқан жоқпыз.

Оның үстіне, Әуезов театрының орнынан тұруына мүмкіндік жасаған едім, актерлар мен жұмысшылардың бәрі айлық алатын.

"Тарихи тұлғаны халық алдында таптау – имансыздықтың белгісі"

1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысқан Гүлбахрам Жүністің «Жаманқұлов желтоқсан оқиғасына қатысқан жоқ, Мәмбетовті сатып кетті  деген айыптауға» берген жауабы:

Желтоқсан оқиғасы кезінде үсті-басым қан-жоса болып, театрға бардым да, Тұңғышбай Жаманқұлов отырған кабинетке кірдім.  Менің түрімді көрген ол мені Әзірбайжан ағаға ертіп апарды. Жанында басқа да өнер адамдары отыр екен. Мен ашуға булығып, қатты айттым: «Біз қан-жоса болып, таяқтың астында қалғанда, сіздердің қорқып отырғандарыңыз не?». Сөйтіп, Әзірбайжан аға орнынан түре келді де, «Кім де кім алаңға шықпаса, сол жұмыстан қуылады. Бәріміз шығамыз, сендерді өзім қорғаймын» деді. Мен түрмеге түстім, Тұңғышбай аға мен Әзірбайжан ағаның бастары жарылып, ауруханаға түсті.

Сол  86-да Тұңғышбай ағаны да, Мәмбетовті де қаралап жатқанда, бүгінгі министрлер қайда болды?

Қадырғали Көбентайдың баспасөз мәслихатында айтқаны...

Баспасөз мәслихатының өтуіне министрлік кедергісін келтірген көрінеді. Композитордың айтуынша, министрліктің адамдары  Астана баллетте жұмыс жасайтын қызына барып "тиіскен".   

Қадырғали Көбентай: Баспасөз маслихатын өткізуге біз мұрындық болдық Сотта әділетсіздік блоды, халыққа соны жеткізбек едік. Түнде баспасөз болмасын деген бұйрық түсті. Астана балетте істейтін менің қызыма тиісті, бармасын, болмасын деген бұйрық түсті. Қазақтың ең бір құндылығы – баласы, баланы ортаға салу – қылмыс, қоқан-лоқы. Бұған дейін менің дұшпаным болмаған, бүгіннен бастап бірінші дұшпаным пайда болды.

"Арыстанбек Мұхамедиұлының министр ретіндегі міндетіне риза емеспіз..."

Баспасөз мәслихатында отырған журналистердің бірі Т. Жаманқұловқа «Министрді сотқа беру ойыңызда бар ма?» деген сұрақ қойды. Оған өнер ақсақалының берген жауабы:

Ол кісіні сотқа беру үшін менде дәлел болу керек. Ол кісі министрліктегі адам, мен қарапайым адаммын. Ол Елбасының сеніміне кірген адам, сол себепті мен бірінші Елбасының алдына кіріп, бар жағдайды өзіне түсіндіремін.

"Министрлік жіберген журналист"

Баспасөз мәслихатында Шолпан есімді журналист қыз әркімнің сөзін бөліп, Тұңғышбай Жаманқұловтан нақты дәлелдерді талап етті. Құжаттардың, фактілердің болуын сұрады. Құр сөзбен ешкімді сендіре алмайтынын айтып, әлек болды. Алайда, оның айтқанын ешкім құлағына ілмеді. Тұңғышбай Жаманқұловтың өзі тілшіні министрліктің жібергені анық деді.

Айта кетейік, Тұңғышбай Жаманқұлов пара алды деп айтыпталып, шартты түрде 3 жыл 7 айға сотталған. Жаманқұловтың қазақ өнеріне сіңірген еңбегін халық жақсы біледі. Бұған дейін Мәдениет министрімен арада болған араздықты еш жерде айтпаған болатын. Алайда, шын мәнісінде жағдайдың қалай болғаны, не болғаны Жаманқұлов пен министрдің өздеріне ғана тән. Әйтсе де, қазақ үшін еңбек еткен өнер майталманын халықтың жамандыққа қимасы анық.

Дайындаған: Гүлім ЖАҚАН

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір