• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

08 Мамыр, 23:20:07
Алматы
+35°

08 Маусым, 2017 NEWS

ҚЫТАЙ ЖІГІТІ МЕН ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҚЫЗДЫҢ МАХАББАТ ХИКАЯСЫ. ҚЫТАЙ МҰНЫМЕН НЕ КӨРСЕТПЕК БОЛДЫ?

Қытайлық «Синьхуа» ақпараттық агенттігі қазақcтандық қыз бен қытай жігітінің махаббат хикаясы турасында бейнеролик түсірген екен. Бұл жайында Қытай...

Қытайлық «Синьхуа» ақпараттық агенттігі қазақcтандық қыз бен қытай жігітінің махаббат хикаясы турасында бейнеролик түсірген екен. Бұл жайында Қытай президенті Си Цзиньпин айтты.

Президенттің сөздеріне қарағанда, қытай жігіті мен қазақстандық қыздың махаббатын көрсету арқылы екі елдің ынтымақтастығын көрсетпек болған.

Бейнероликтегі оқиға желісі мынадай: Синьзяндық жас қытай жігіті жергілікті ауруханада Валентина есімді аруды көзі шалып, ғашық болып қалады. Ақыры екеуі бас қосып, дүниеге ұлдары келеді. Ұлдары 6 жасқа толғанда Валентина саяси жағдайларға байланысты еліне қайтуға мәжбүр болады. Ұлдары ер жетіп, өз анасын іздей бастайды. Тек 2009 жылы ұлы 61 жасқа келгенде 80 жастағы анасын Алматыдан табады. Сөйтіп Валентинаны Қытайға апарып, Аспан асты елінің жайлылығын көрсетеді.

«Бірнеше жылдардан кейін бақытқа кенелген бұл отбасының тағдыры – Қазақстан мен Қытай тұрғындары арасындағы ажырамас достықтың көрінісі» деп айтты бейнеролик жайында Қытай президенті.

Иә, Қазақстан мен Қытайдың достық қарым-қатынасын көрсетеміз деп тырысып бағыпты. Бірақ сол достықты қыз бен жігіттің махаббаты арқылы көрсеткендегі ойларының тереңінде не жатқанын кім білсін? Мұның да астарында қытай халқының құйтырқы саясаты жатқан жоқ па деп қаласың.

Қазақстандық қыздар қытай жігіттерін қызықтырады екен

Еске сала кетейік, қаңтар айындағы қазақстандық қыздарға Қытай дөкейлеріне тұрмысқа шығуды ұсынған хабарландыру әлеуметтік желілерді дүр сілкіндірген. Фейсбук әлеуметтік желісіндегі «Доска объявлений Алматы, Астана» паблигінде мынадай мазмұндағы хабарлама жарияланған: «18-40 жас аралығындағы басы бос қыздар! Бейжің тұрғыны, әрі бойдақ ер жігітке тұрмысқа шыққыңыз келе ме? Бізге хабарласыңыз. Бейжіңдегі дөкей жігіттер тобы Астанаға отбасын құру үшін келе жатыр. Арнайы бірнеше шаралар дайындап жатыр. Ер адамдар бақуатты өмір сүреді, еуропалық білімі бар, ағылшын, орыс тілдерін жетік меңгерген».

Мұндай ақпаратқа ашынған қазақ халқы наразылығын білдіріп, не бір пікірлерін қалдырған. Осы жарнамаға байланысты Қазақстандағы ҚХР елшісі Чжан Ханьхуэй де өз пікірін білдірген еді. Аталмыш ұйымның бар-жоғынан хабары жоқ елші қазақстандық қыздарға Қытай жігіттері қатты қызығатыны жайында айтып қалған.

«Қазақстанның қыздары өте әдемі, нәзік. Олардың білімі жоғары, шығыс менталитеті бар. Олар отбасын жақсы көреді, ата-анасын құрметтейді, үлкендерді сыйлай біледі», дей келе, екі ел арасында дәстүр бойынша ұқсастықтар барын айтып қазақ жұртшылығын есінен тандырған.

Бұл қытайлықтардың қазақ қыздарына деген қызығушылығын дәлелдейтін мысалдың 10-нан 1-і ғана. Оны жаза берсек, жыры таусылмас.

Үлкендеріміз қарсылық танытып, ер жігіттеріміз наразылығын білдіріп, Қытайға кеткен қазақ қызын, тіпті «жезөкшеге» балағандар да болды.

Не керек, бүгінде Қазақстанның қаншама қаракөздері қытай ұлтының ұрпағын тәрбиелеп, қытай шаңырағының Отанасы атанған. Қытаймен бас қосып, бойынан қазақтықты жойғандары да жетіп артылады.

Жоқ, Қытайды мүлдем жолатпау керек деген түсініктен адамын. Достық қарым-қатынас кез-келген мемлекеттер арасында аса қажет-ақ, алайда достықтан аспау керек шығар. Әжелеріміз бен аналарымыздың арын өзге ұлт өкілінің азаматы таптамады, әжелеріміз қазақтың текті ұрпағын дүниеге әкелді, бойына елге деген сүйіспеншілікті дарытып өсірді емес пе?! Қор болған жоқ қой. Қалтасындағы байлығын көрсетіп, Қазақстан қаракөздерін тұзағына түсірмек ойлары бар қытай халқы тыныш жатар емес. Жай ғана хабарландырудан бастап, саясатқа дейін табан тірепті. Қытайы болсын, басқасы болсын, елдер арасындағы ынтымақтастықты махаббат шешпек емес. Қытайдың кезекті саясатының құрбаны болып жүрмейік.

Гүлім Жақан

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір