29 Мамыр, 2017 NEWS

1 МАУСЫМ - ПЕДОФИЛ ҚҰРБАНДАРЫНЫҢ КҮНІ МЕ?

Өмірдің мәні де, сәні де, қуанышы да – бала.

Өмірдің мәні де, сәні де, қуанышы да – бала. Ойында бір жамандығы жоқ бүлдіршіндерге қарайсың да шынайы тазалықты, пәктікті көресің. Олардың жанында өзіңді де бала сезінесің. Көңілдерінің ақтығы, мейірімге толы жүректері, шынайылыққа толы сезімдері... Ештеңе де өзгерместей көрінеді. Сол қалпында ер жетсе екен деп тілейсің. Бір жамандыққа ұрынбаса екен деп қызғыштай қорисың. Солардың болашағы үшін уақытыңды сарп етесің, солар өссін, солар өнсін дейсің. Оқысын, білім алсын, тәрбиелі азамат болсын дейсің тағы. Себебі, болашақ – бүгінгі сәбидің, бүгінгі бүлдіршіннің қолында. Бүгінгі бүлдіршін қандай тәрбие алса, ертеңгі болашақтың бейнесі дәл сондай болады. Бүгінгі бүлдіршін нені көріп өссе, ертең халқына соны істейді. Тек отбасындағы тәрбие жеткіліксіз, баланы мемлекет тәрбиелейді, билік тәрбиелейді, қоғам тәрбиелейді. Қоғамның әр тұлғасы – сәби үшін тәрбиенің көзі.

Бүгінгі бүлдіршін ненің куәсі? Бұл сұраққа жауап бермес бұрын бүгінгі қоғам қандай, соны айта кетейік. Бүгінгі заманның көрінісін көз алдыма елестету үшін бір сәтке көзімді жұмдым. Көз алдыма келгені: ұрлық, тонау, жеу, жымқыру, үлкендердің тұрмыс жағдайындағы қиындықтары, қаракөз қыздарымыздың көріп жатқан зорлығы, тағысын тағы таусылар емес. Бәлкім тек менің айналам дәл осындай шытырманға толы шығар, бәлкім мен асыра сілтеп жатқан шығармын. Бірақ бойымды белгісіз үрей биледі. Ал бүлдіршіндерімізді ойлағанда денем тіптен түршікті. Неге дейсіздер ғой? Көз алдыма балалардың жылаған ащы дауыстары естілді, сөйлей алмайды, не болып жатқанын өздері де түсінбейді. Бірақ дәл сол уақытта ол бүлдіршін бір педофилдің құрбанына айналды. Міне, бүгінгі қоғамның көрінісі осындай және бүлдіршіндеріміздің көрген қорлығын сол қоғамның ең сорақы көрінісі деп білемін.

Зарлап қалған ана, болашағына балта шабылған бала. Иә, жаңалықтардан қараймыз, ананың зарын естиміз, баланың психикасына кері әсер тиді деген психологтың айтқанын құлағымыз шалады, денсаулығына зақым келді деген дәрігердің ащы сөзіне жүрегіміз ауырады. Сырттай көріп бір күрсінеміз де, ұмыт болады. Ал сол бүлдіршінді құрбанына айналдырған педофил, тіпті хайуан десем артық болмас, жай ғана сотталады. Бірнеше жылдан кейін бостандыққа шығып, істеген ісін қайта жалғастырады. Бірақ басқа балаға барып соқтығады. Тағы күрсінеміз. Басқа не істейміз? Біздің қолымыздан келер шара бар ма? Ал сондай зомбылықты көріп өскен баладан қандай ер азамат, қандай қаракөзді қыз шығады. Бүлдіршін кезінде-ақ болашағына балта шабылды емес пе періштенің?!

Бүгінгі таңдағы педофилдің құрбанына айналған балалардың бірен-саранын тізіп көрелік.

2015 жылдың қыркүйегінде Ақтөбедегі небәрі 5 жасар бүлдіршінді 35 жастағы дардай ер адам зорлап кетті. Педофил жай ғана сотталды. Есесіне қыздың болашағына балта шабылды. Қайғылы оқиғадан кейін 1 ай өткен соң қыздың анасы қоныс аударғылары келетінін мәлімдейді. Себебі, қызы далаға шығудан қалған, ер адам атаулыдан үркитін жағдайға жеткен. Ал көршілері саусақтарын шошайтып, қызды сұрақ астына алып, әбден мазалаған. Бұған шыдамаған ана жүрегі ең болмағанда суық естелік қалдырған Ақтөбеден көшіп кетуді жөн көрген. Тағы бір айта кетерлігі, Конституция бойынша ҚР-дағы әрбір азаматтың ақысыз қорғаушының қызметіне жүгінуге құқығы бар. Алайда, қыздың анасына мұндай ақпарды ешкім жеткізбеген.

2016 жылдың қара күзі. Дәл сол отбасы үшін бұл күз қаралы болды. Себебі ШҚО-ның 8 жастағы тұрғыны, өмірдің қызығына батып жүрген кішкентай ғана қыз бала тағы бір педофилдің құрбаны болды. Анасы ұйықтап қалғанын пайдаланған әлгі «хайуан» қызға шабуыл жасаған. Одан кейін қыздың жағдайы ауырлап, ауруханаға жетеді. Абырой болғанда аман қалады. Иә тәні аман қалды, бірақ жаны ше? Оған кім жауап бере алады?

2016 жылдың жазы. Ақтаулық 6 жасар қыз да зорлықшының құрбаны боды. Белгісіз ер азамат аулада алаңсыз ойнап жүрген баланы саябаққа алып кетіп, зорлаған. Педофил ұсталды, қамалды. Ал осы жағдайдан соң ауруханаға жатқызылған қыз тілге келместен өмірден озды, себебі миы өлген. Артына зарлап анасы қалды. Сұмдық! Бұдан басқа не деуге болады?..

Жаныңа түрпідей тиіп, мұз қаритын тағы бір мысалға көз жүгіртейік. 2016 жылдың қатал қысы. Жамбыл ауданының 7 жасар тұрғыны ағашта асылып тұрған жерінен табылған. Артынан оның зорланып, азаппен өлтірілгені расталған. Күдікті ретінде баланың өгей әкесінің туған ағасы саналды. Кім болса да, ол бала енді жоқ. Артында зарлап ана қалды.

Қазақстан, 2017 жылдың ақпан айы. Теміртаулық тұрғын № 120 мектептің маңында кәмелет жасқа толмаған қызға шабуыл жасады. Ана зарлап қалды, қыздың болашағы күңгірттенді.

Айтылған оқиғалар 100-дің бір бөлігі ғана. Көз көріп, құлақ есіткеніміз 100-дің 50-і ғана. Ал айтылмағаны қанша? Тіпті, зорланған баланың өзі үнсіз қалып жататын жағдайлар болады емес пе?! Педофилддердің қылмысына кім жауап береді. Өздерінің жауап бермейтіні анық. Олар ең қатаң жазаға лайық деп жатқанымызбен, әлгі баланың болашағын кім ойлайды. Жауап жоқ!..

Бүлдіршінге көз салу – азғындықтың шегі

Педофил дегеніміз кім? Маньяк дейді бәз біреулер. Жоқ, маньяк деуге келмейді, мүлдем. Олар адамдардың жанын алып, қанын ішетіндер емес пе? Оның үстіне олар құрбандарын талғамайды, кішкентай бүлдіршін бе, ұл ма, қыз ба, ересек адам ба оған бәрібір. Бастысы жанын алса болды. Ал педофилдер кішкентай баланың тәніне қызығатындар. Психикалық ауытқушылық, психикалық ауру дейді, эмоциялық тәуелділік дейді кей психологтар. Бірақ кез-келген аурудың емі болады ғой? Ал педофилдің қалауы ешқашан таусылмастай көрінеді.

Міне, осылайша талай жастың бақытын ұрлап, өміріне өшпес дақ салатын педофилдерге қатысты қандай шара қолданған дұрыс? Бұл мәселе Парламентте талқыланып, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жыныстық қысым жасаған адамдарға химиялық кастрация жасау жазасы енгізілмек. Мұндай қатаң шара кәмелетке толмағандарға қысым жасаған, жасы 18-ден асқан адамдарға қолданылады. Бұл тұрғыда пайдаланатын препараттар жыныстық әуестікті төмендетеді. Сондай-ақ, ондай азғындарға бас бостандығынан айыру жазасы да қатар қолданылуы мүмкін.

Еуропаның көптеген елінде де бұл тәсіл жүзеге асырылады. АҚШ-та 1990 жылдан бері мәжбүрлі түрде аталықсыздандыру туралы заң бар. Польша мен Чехияда мұндай қылмыскерлер түрмеде жазасын өтегеннен кейін міндетті түрде кастрациялық жолмен тарттырылады. Сауд Арабиясы, Қытай, Иран, Ирак, Индонезия, Оңтүстік Корея, Латын Америкасы мен Африканың көптеген елінде педофилдерге бірден өлім жазасы тағайындалады. Осы жайттарды ескерек, балалардың өмірін тас-талқан етіп, тағдырына балта шабатындарға аяушылықтың болмағаны абзал.

ҚР Бас Прокуратурасының хабарлауынша, соңғы алты жылда елімізде кәмелеттік жасқа толмағандарды жыныстық қатынасқа күштеген оқиғалар екі есеге көбейген. 2010 жылы  1885 бала зорлықшылар қолынан зардап шексе, өткен жылы тағдыры тәлкекке түскен балалардың саны 3623-ке артқан. 2016 жылы  кішкентай балаларды зорлау бойынша 26, ал кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты жасалған осындай қылмыс бойынша 46 адам сотталған. 

Не істейміз? Не істейді? Әлі де ана атана қойған жоқпын. Бірақ дүниеге келмеген баламды ойлап қазірден үрейленемін. Тіпті, ішімде де жоқ сәбиімді ойласам, оның жанынан бір елі қалғым келмейді, әрдайым көз алдымда жүргенін қадағалағым келеді. Ол тұрмақ балабақша мен мектепке қалай жіберіп қоймақпын. Жоқ оған дәтім шыдамас. Ал, жақсы, әлі дүние есігін ашпаған сәбиді қорғауға кеш емес қой.

Бірақ педофилдің құрбаны болып үлгерген балақай не істейді? Оның ата-анасы не істейді? Бала болған жайтты ұмытуы мүмкін, бәрі көз алдынан ғайып болуы мүмкін, алайда сол кездегі үрейі бойында сақталып қалатыны айқын ғой. Үлкен кісіні көрсе, үрейі қашып, жанына жолай қалса, жын көргендей бойын аластатып, тұйықталып қалуы ғажап емес.

1 маусым – балаларды қорғау күні

Алда бүлдіршіндердің асыға күтетін мерекесі жақындап келеді. Бұл күн – әр бала өзінің мемлекеттің қамқорлығында екенін сезінуі тиіс күн. Бұл күн – бүлдіршіндердің өз жерінде аяғын нық басып жүруі тиіс күн. Бұл күн – балақайлардың асыр салып ойнайтын күні. Бірақ, бір Қазақстанның өзінде қаншама бүлдіршін осы күннің қызығынан құр қалды, бойын үрей билеген қаншама балақай өмірдің қызығына батуы тиіс шағында үйінен шыға алмай отыр. Ол бала үшін мемлекет не істей алады?

 Жақсы, педофилдің жазасы ауыр болуы тиіс деп  бар қатаң жаза түрлерін қолдануды жалғастыра берейік. Бірақ бұның бәрі әлгінің істерін істеп, бояуы сіңген соң ғана қолданылатын шаралар. Өкінішті-ақ. Бұл жағынан баланы қорғауға осалдық танытып отырмыз. «1 маусым балаларды қорғау күні» дейді, бірақ балалар әр күн сайын қорғалуы тиіс емес пе, әр күн бала үшін мереке. Алайда мемлекет бүлдіршінін кімнен, қалай қорғап жүр? Менде жауап жоқ!..  Сізде ше?

Қамшыгер: Гүлім Жақан

Gulim Zhaqan

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық универистиетінің филология және әлем тілдері факультетін бітірдім. 2017 жылдан бері Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісімін. 2016 жылы оқуды бітіргенімде ұстаздық ету немесе журналист болу деген екі түрлі таңдау тұрды алдымда. Біріншісін көрейін деп алғашында кішігірім курстарда сабақ беруден бастадым. Кішігірім курстардың өзінен шабыт ала алмаған мен өзгеден бұрын өзіңе үйретерің көп болуы тиіс білім бұлағы мектепке барудан тартындым. Сөйтіп шабыттардың, шығармашылықтардың мекені - журналистикадан бірақ шықтым. Жаздым, жазып жүрмін, жаза беремін - бұл менің өмірім! Болашақта өзге басылымдарға ауыссам да, қамшы қолымнан ешқашан түспейді. Осыны түсіндім.

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір