18 Мамыр, 2017 NEWS

ҚЫТАЙТАНУШЫ ЖУРНАЛИСТ: ШЕТТЕГІ ҚАЗАҚ ОРАЛМАН ЕМЕС, БАУЫРЫҢ

"Оралман" деп жүрген адамың – шет елден келген жат емес, ол – өзіңнің бауырың. Отаным деп, ата-бабасы қалдырған өз жерімен аңсап...

"Оралман" деп жүрген адамың – шет елден келген жат емес, ол – өзіңнің бауырың. Отаным деп, ата-бабасы қалдырған өз жерімен аңсап қауышқан азаматты құшақ жая қарсы алып, төрден орын ұсыну – Қазақстан азматтарына міндет. Осы тақырып аясында «Ақмешіт» Қызылорда облыстық жастар газетінің тілшісі қытайтанушы журналист Дәурен Бауыржанұлы Омаровпен сұхбаттасты, деп жазады Қамшы ақпараттық агенттігі.

Дәурен Бауыржанұлы Омаров — 1988 жылы, Алматы қаласында туған. Астана қаласындағы Ж. Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназияны бітірген. Қазір Шанхай қаласындағы Шығыс Қытай Ғылым және технологиялар университетінің докторанты. Бұрын осы білім ордасында бакалавр және магистр дәрежелерін алған. Студенттік кезінен республикалық «Айқын» қоғамдық-саяси газетінің, оқу бітірісімен «Қазақстан» ұлттық телеарнасының Қытайдағы меншікті тілшісі қызметін атқарған. Қытайтануға арналған «Ерте тұратын ел», «Мерекесі мол мемлекет» және «Жаһанға жайылған жұрт» кітаптарының авторы. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің гран-при иегері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері.

— Сізді қытайтанушы журналист ретінде жақсы танимыз. Алғашқы сұрақ та Қытай мен сіздің таңдауыңызға байланысты болмақ. Басқалар білім үшін Европа елдерін бетке алғанда, неліктен аспан асты елін таңдадыңыз?
— Мен 2005 жылы Қытайдың Шанхай қаласына оқуға аттанған алғашқы түлектердің бірімін. Жасыратыны жоқ, алғашында еуропалық білім алғым келген, сондықтан Венгрияда оқуға дайындалып жүрдім. Әрине, әркімнің ең басты ақылшысы, ол – ата-анасы. Бірде әкемнің жазушы, қытайтанушы достарының бірі: «Бәке, болашақ – Қытайда. Балаңызды қытайша оқытыңыз» деген ұсыныс айтты. Бұл ұсынысты жан-жақты сараптаған әкем маған да солай кеңес берді. Көкейге қонымды осы ойдан кейін ЕҰУ-дың оқытушысы Думан Азатұлынан екі ай тіл үйрендім. Ойда-жоқта қабылданған шешім КазМУ-дың шығыстану факультетіне қабылданып, кейіннен іріктеу сындарынан өтіп, Қытай еліне аттануыма себеп болды.
— Бұл елдегі оқу жүйесінің басқа елден айырмашылығы қандай? Қытайда оқитын қазақ жастарына қандай мүмкіндіктер жасалған?
— «Қытайда білім жүйесі қалай дамыған» деген тақырып мені де қызықтырды. Зерттеу жүргіздім. 1979 жылы Дэн Сяопин Қытай есіктерін әлемге айқара ашты. Оның ерекшелігі, кеңестік идеология сарынындағы саясатты өзгерте алды. Ауыр еңбекке, агросекторға мән беретін ел енді білімге, индустрияландыруға, инновацияға көп көңіл бөлді. Осы күнге дейін бұл салаға 600 млрд. АҚШ долларындай қаржы құйылған, десе де бұл ресми деректер. Қазір Қытайдың қай ЖОО-ны болмасын жеке қалашық қып салынған. Студент унисерситет аумағынан шықпай-ақ кітапхана, кинотеатр, футбол алаңдары, тіпті мейрамхана, боулинг орталықтарына бара алады. Қалашықтың ішіндегі қызмет түрлері сырттағы бағадан әлдеқайда төмен. Қысқасы, сыртқа көп алаңдамай, білім ордасының шеңберінен шықпай білім алып, бой жазуға бар жағдай жасалған. Білімді биік қоятын ел тәртіпке де жеңіл қарамайды. Жатақхана кешкі 11-де жабылып, таңертең 6-да ашылады. Қытайдың алдыңғы қатарлы Цинхуа, Бейжің, Фудань университеттеріне бара қалсаңыз, «ертегі әлемі» дейтіндей. Әр оқу орнында он мыңдаған студент білім алады. Мысалы, Фудань университетінің кітапханасына әлемде көлемі жағынан тең келетін кітапхана жоқ. Ал, Цинхуаның жер астында алып бункері бар екен. Апатты жағдай орын алғанда 30 мың адамды 3 ай қоректендіре алатын қоймасы, жатын орны алдын-ала ойластырылған. Яғни, қаржы толықтай игерілген.
— Жемқорлық жоқ дейсіз ғой…
— Жасыратыны жоқ, сабақтан қиналатын студенттер болады. Оқытушыны жағалап, «аға-көкелесе», ат-тонын ала қашады. Тіпті сабақтан тыс кездесіп, сөйлесудің өзі – әдепсіздік. Куратор, ғылыми жетекшілермен университет шеңберінде ғана кездесесің. Ал әлгіндей, өтініш жасасаң, оқытушының шағым түсіруге толық құқығы бар. Жалпы, білім жүйесіне келетін болсақ, бізге ұқсас. Кредиттік жүйе жолға қойылған. Кредитті де, мұғалімді де өзің таңдайсың. Қазір шамамен, Қытайда 11 мыңға жуық қазақстандық студент білім алуда. Бұрын басым бөлігі «Болашақ» бағдарламасымен барушы еді. Бірнеше жыл болды, бакалаврды аталған бағдарламамен оқи алмайсың. Шетелдік студенттердің CNPC, Sinopec секілді біздің елімізде жұмыс істеп жатқан алып компаниялардың және Қытай мемлекеттік, қалалық әкімшіліктердің арнайы гранттарын иеленуге мүмкіндігі бар.
— Өзіңіз айтпақшы, «ирелеңдеген» иероглифты игеру оңай емес. Төрт тіл меңгеріпсіз. «Жақсы әдістеме болмаса, тіл үйрену мүмкін емес» дегенге қалай қарайсыз?
— Қытай тілін үйрену үшін фотографиялық есте сақтау қабілеті керек. Өйткені әр иероглиф жеке мағынаға ие. Айталық, «ни» — сен, «хао» — жақсы. Екі қаріп қосылса, «нихау» – сәлеметсізбе деген сөз шығады. «Чиен» — ақша, «бао» — сөмке. Біріккенде «чиенбао» — әмиян деген мағына береді. Қытай тілін мұнда шетелдіктерге негізі ағылшын әдістемесі бойынша үйретеді. Кемшін тұсы, еуропалықтардың ойлау жүйесі басқаша. Ал, біз — азиаттықтармыз. Ойлау деңгейіміз бір болмағандықтан, тілді меңгеріп кету қиын. Тіпті курстастарымыз ішінде 4-5 жыл оқып, үйрене алмай кеткені бар. Сондықтан, тым болмаса, Орталық Азия, ТМД елдеріне лайықталған тіл үйретудің бір жүйесі керек. Ал маған алдымен елде үйреніп, оқығасын, аса қиын болған жоқ.
— Үш дипломыңыз бар, бірақ журналист деген мамандығыңыз жоқ екен. Белгілі бір тұлғаға еліктейсіз бе, әлде бәрінің бастауы – байқампаздығыңыздан ба?
— «Ат тұяғын тай басар» демекші, әкеміз – журналист болған соң, біз де сөз өнеріне, кітапқа жақын болып өстік. Бала кезім Арал ауданындағы Қаратерең ауылында, атам мен әжемнің қасында өтті. Сонда байқағаным, әпкелерім де қолы қалт етсе кітап оқитын. Біздің үйді жартылай кітапхана деуге келеді. Әкемнің жастай жинаған кітаптарының саны төрт мыңға жуықтаған. Тіпті, кеңес заманындағы сарғайып, үлбіреп тұрған газеттерге дейін сақталған. Қызмет бабымен қаладан қалаға көшерде басқалар жиһаз тасыса, біз кітап тасимыз деп қалжыңдаймыз. Білімге деген үлкен ықыласты көріп өскендіктен бе, «Абай жолын» 8-сыныпта оқып бітірдім. 7-сыныпта оқып жүргенімде, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен беретін Шәйза Омарова деген мұғалімім болды. Шәйза апай оқушылардың бәріне үнемі күнделік жазуға кеңес беретін еді. Сол кезден бастап өмірде есте қалар оқиғаларды, көңіл-күйімді қағазға түсіруге дағдыландым. Сол күнделіктер Қытайға кеткенде, оқулықтардың арасында қалып қойыпты. Үй-іші Алматыдан Астанаға қоныс аударарда анам тауып алады. Бірде көкем хабарласып: «11-сыныпта мынадай, 9-сыныпты мынадай оқиға болыпты ғой»,-деп көріпкел секілді өткенімді айтып отыр. Аң-таңмын. Ұл болған соң талай бұзықтық жасайсың. Содан құпияны өзі ашты: «-Анаң екеуміз күнделігіңді тауып алдық. Айып етпе, бір-екі бетін оқып қойдық»,-деп. Бірақ «сен енді уәде бер. Қытай қандай ел екен, алған әсерің қандай? Соны мақала етіп дайындап, маған жібересің»,-деп тапсырма берді. Осылайша, «Ерте тұратын ел» деп аталатын қытайтану төңірегіндегі ең алғаш мақалам «Астана ақшамы» газетінде жарық көрді. Кейін қытайлардың жаңа жылы — Чуньцзе мейрамы өтті. Соны ақпараттық себеп қылып, қытайдың мерекелері туралы жаздым. Осылайша, жазатын тақырыптар көбейіп, мақалаларымның саны көбейе берді. Ол кезде 1-курс студентімін, қытай тіліне әлі жетік емес едім. Сондықтан, интернет, болмаса газет-журнал беттерінен ақпарат іздеуге шамам жетпегенде, өзімнің айналамдағы қытайлықтардың көмегіне жүгінетінмін. Жатақханада жас шамалары 60-70-тегі комендант қариялар бартұғын. Соларға тәттілер апарып беріп, бірге шәй ішіп, салт-дәстүрін қазбалай сұрап, қағазға түртіп ала бердім. Осылайша, оқуға бөлінген уақыт аралығында 80-ге жуық Қытай туралы танымдық мақала дайындаппын.
— Қытайлардың Қазақстанға деген көзқарасы қалай? Димаштан кейін ол жақтағы қандастарымызға құрмет артқан секілді.
— Иә, Димаштың қазақ өнерін танытуға ықпалы зор болды. Қытайлық оқушылар мен студенттер ерекше жақсы көреді. «Цзинкоу сяогэгэ» деп ат қойып алған. Орысша төте аударсақ «импортный братец», бірақ бұл жерде «братан» деген жаргондық сөз үйлесімді. Қазақша мағынасы келіңкіремейді, «шетелден енгізілген кішкентай аға» деген мағынада. «Үлкен аға» дейін десе, жап-жас. «Аға» демейін десе, өнерімен мойындатып, өзінен үлкендерді «ағалататындай» дәрежеге жетті. «Мен әншімін» конкурсының бастапқы кезеңдерінде Димаш күллі Шың еліне танылды деп айта алмаймын. Жыл сайын елдің елеулі өнер майталмандарының қатысуымен өтетін жаңа жылдық концерт ұйымдастырылады, Ол концерт Қытай орталық телевизиясынан тікелей эфирде көрсетіледі, күллі Қытай тамашалайды бұл ауқымды шараны. Біздің Димаш та сонда өнер көрсетіп миллиардты мойындатты. Қазір жаңа танысқан қытайға «қазақпын» десең, «Димаши» деп жымияды.
Димаштан бұрын да, Қытайда Қазақстан сөзі көп айтылатын. 2013 жылы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин ресми сапарымен Қазақстанға келіп, Назарбаев университетіне лекция оқыған. Сонда «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бағдарламасы туралы алғаш жариялаған еді. Мұндағы мақсат — бұрынғы Жібек жолын жаңғыртып, экономикалық аспектілерге көңіл бөліп, халықаралық сауда–саттықты дамыту. Бағдарламадағы негізгі, алғашқы бекет – Қазақстан. Оған бастапқы капиталы 50 млрд-тан астам долларды құрайтын арнайы қор құрылды. Яғни, атаулы бағдарлама аясындағы жобаларды жүзеге асыруға бағытталған инвестициялық жоба жасасаң, қордан қаржы бөлінеді. Осы қор арқылы өз бизнестерін халықаралық деңгейде дамытуға бел буған компаниялардың саны күннен күнге артуда. Сондықтан, қазір ауқымды шараларды атқарып жүрген Қытайдың бизнес алыптары арасында Қазақстан атауы көп қолданылады. Бүгінде қасиетті Құран «біссіміллә» деп басталса, Қытайдағы көптеген ауқымды шара «Бір белдеу – бір жол» ұранымен ашылады. Алғы сөздерде міндетті түрде «Си Цзиньпиннің Қазақстанға сапары жайында айта кетеді. Яғни, «Жібек жолы» десе – Қазақстан, «Қазақстан» десе – Жібек жолы еске түседі. Бұл әрине, тек Қытай басшысының саясаты емес, екі ел арасындағы қарым-қатынасты дамытуға бар күшін салып жүрген біздің азаматтарымыздың, ең бастысы, Елбасымыз – Нұрсұлтан Әбішұлының еңбегінің жемісі деп білеміз.
-100-ден астам қисса-дастанды жатқа білетін Қазым Әлменұлы туралы жаздыңыз. Сол мақаладан қазақтар тұратын ауыл «күйшілер ауылы», «айтыскерлер мекені» деп қосымша аталатынын білдік. Тіл тазалығы сақталған деп сүйсінуші едік, бүгінде бүлдіршіндер қытайша шүлдірлейді деп естіп жүрміз. Жалпы Қытайдағы қазақтардың ахуалы қалай?
— Бүгінде «ішкі Қытай» ғимараттарға, зауыттарға әбден толды. Көптеген игерілмеген жерлерін сақтап қалып отырған, өзіміздің қандастар және басқа аз ұлттар тұратын елді мекен − Шыңжаң аймағы еді. Қай ұлт мекен етсе де, жер – мемлекеттің меншігінде. Мемлекет болғасын ол сөзсіз даму керек. Бұрынғы малшы ауылдарға енді техника келіп, құрылыс жүргізіле бастады. Бұрынғыдай көшпенді тіршілік тоқтап, жергілікті қазақ ауылдар отырықтанды. Жаңа жұмыс орындары ашылып, бұрынғы малшылар бір-бір мамандық иелері атанды. Қытай елі болғандықтан ондағы жұмыс, іс-қағаздар қытай тілінде жүргізіледі. Өзіңіз білесіз, дала баласы қашан да қалаға ұмтылады ғой. Өскісі келеді, мансап құрғысы келеді, ол үшін қытай тілін, қытай мәдениетін, тұрмыс-тіршілігін жақсы білу міндет. Осылайша, қалың қытайдың ішінде жүріп, қазақ тілін сақтап қалу қиын. Қанша «қазақ» дегенмен олар Қытай мемлекетінің азаматтары ғой, сондықтан өздері мекен ететін мемлекеттің талаптарына, саясатына сай өмір сүруге тырысады.
-Атамекенге неге келмейді екен?
— Осы мәселені ұлттық арнада жүргенде қозғағанмын. Қазір білмедім, бұрын екі елдің заңдары бір-бірімен сәйкеспейтін. Мысалы, Қытай азаматтығынан шығу үшін Қазақстан азаматтығын алды деген анықтама керек. Ал Қазақстан азаматтығын алу үшін Қытайда тұрмайтыныңды дәлелдеуің керек. Парадокс қой. Көпшілігі, қағаздардың осындай дау-дамайын шеше алмай, ауылдарына қайтады. Екінші мәселе, қандастармыз саясаттан хабардар емес. Олар төтеше таниды, біздің кирилше әріптерді түсінбейді. Кейде ресми тілді олар түгілі, өзіміздің қазақтар ұғына алмайтыны бар. Ал көненің тілімен сөйлейтін оларда жаңалықтың түсінікті таралуы неғайбыл дүние. Сондай-ақ оралмандарға қатысты заң жиі өзгереді. Оларға қойылар талап та күшейген. Қарапайым ғана дүние, олар біз барсақ жалғыз малын сойып, әнін шырқап, құшақ жая қарсы алады. Оларды да мұнда «ой бауырым» деп қарсы алар деп ойлайды. Ал Қазақстанға келсе керісінше. Өкінішке қарай, өзіміздің қазақтарымыз оларды «оралман» деп менсінбей, олардың орысша білмейтініне, ал қазақшасына, көне сөздерді қолданып сөйлегеніне қарап күлетін жайттар кездеседі. Бұл жайт әрине, кімді де болса ренжітеді. Уақытша виза алып, елдің мән-жайын зерттей келген қандастарымыз осындай жағдайларға тап болып, Қытайға ренішпен қайтып жатқан сәттері жиі кездеседі. Бұл жағдайды реттеуге билік те, бұқара да бірігіп жұмылуы тиіс деп ойлаймын.
— Қытайлардың ат қою дәстүрі қызық екен. Нәресте кезде әке-шешесі, кейін мұғалімі ат қояды. Сізді де бара сала «Давуран», кейін оқытушыңыз «Хуангтианруй» деп атапты. Яғни, «сары аспаннан түскен данышпансыз». Қазір қалай аталып жүрсіз?
— Қазір де солай айтады. Кейде үлкендер «Сяухуан» дейді. «Сары бала» дегені ғой. Қытайлармен «Хуангтианруй» атыммен танысамын. Көлік алғанда, диплом алғанда да осы ат жазылады. Ал, Дәурен десең ойланып қалады. Өйткені «да» – үлкен, «вуран» — қоршаған ортаның ластануы деген мағынада. Сондықтан қазақы атымның транскрипциясын айтпауға тырысамын.
— Қытайтану әзірге тоқтап тұрған секілді. Мақалаларыңызды жиі көрмейміз. Қазір қай кәсіптің басы-қасында жүрсіз?
— Қазір ЭКСПО көрмесіне байланысты мақала жазудамын. Қытайдың бұл елеулі шарадан алған тәжірибесі мен елге берген әсері жайында. Жақын арада жарық көреді. Ал, қытайтанудың саябырсыған себебі, журналистік қызметімнен кейін ҚР Шанхай қалалық Бас консулдығында Бас консулдың инвестиция және экономика жөніндегі кеңесшісі болдым. Жошыхан Қыраубаевтың бастамасымен халықаралық «Астау» экспорт-импорттық компаниясы құрылып, бас директор қызметін атқардым. Қытайда пластмассадан күріш, жалған ет, сапасы өте төмен тағамдық өнім дайындаушылар көбейіп кетті дегенді естіп жүрсіздер. Көрші ел осы мәселемен бірнеше жылдан бері күресіп келеді. Бір жарым миллиард халықтың ішінде небір алаяқ бар. Тұтқындалғанмен, толастамай отыр. Халыққа да арзан өнім керек. Бүгінде Қытайдағы маңызды саясаттың бірі халықты органикалық таза өніммен қамтамасыз ету. Ал «Астау» компаниясы Қазақстанның өнімдерін Қытайдың ірі сауда орталықтарына экспорттады. Елбасының алға қойған саясатының бірі: Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттыру. Біз осы тарапта еңбек еттік. Өткен жылы Шанхай қаласындағы Шығыс-Қытай Ғылым және Технологиялар университетінің доктарантурасына оқуға түстім. Қазір «Shanghai Silkway» компаниясында директор қызметін атқарамын. Бұл компанияны Шанхайда бірге оқыған Байжанов Нұржан мен Оразбеков Асқар есімді бауырларыммен бірге ащқан едік. Импорт, экспорт және консалтинг қызметтерімен айналысамыз. Қазір Петропавл қаласында белсендірілген көмір шығаратын зауыт салудамыз. Маусым айында алғашқы өнім алынады. Кейін ол өнімді де Қытайға экспорттаймыз. Осылайша, елге де, өзімізге пайдасы тиерліктей игі істер жасап жүрміз.
— Журналист пен жазушылар арасында атыңыз аталса да, интернет кеңістігінде сіз туралы ақпарат аз екен. Қазір өз танымалдығын арттырғысы келетін кісілер блог жазатын болды. Сіз де блог жазсаңыз, интернет игілігін көріп отырған елге қолжетімді болар еді.
— Енді жазсам ба деп жүрмін. Қытайда әлеуметтік желілер біздегідей қолжетімді емес. Бір жағынан оқу мен жұмыс қатар болған соң, уақыт тапшы. Дегенмен, қай тақырыпта жазатынымды шамалап қойдым. Қытай елінде бизнес жасаудың қыр-сыры жөнінде сөз қозғайтын боламын. Он екі жыл бойы аспан асты елінің жай-күйімен таныспын әрі мамандығым да сай келеді. Сондықтан бұл тақырыпта қамшы салдармаймын-ау. Айтып өткенімдей, «Жібек жолы» бағдарламасы жарияланғанан кейін екі ел де жеке кәсіпті дамытуды қолға алды. Алайда, Қытайда жұмыс жасаудың өзі өнер. 28 провинцияның халқы 28 тілде сөйлейді. Біздікіндей диалект деуге де келмейді. Сондықтан менің блогтарым Қытайға барам деушілерге үлкен көмек болар еді.

Сұхбаттасқан: Айдана ЖҰМАДИНОВА
 

Gulim Zhaqan

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық универистиетінің филология және әлем тілдері факультетін бітірдім. 2017 жылдан бері Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісімін. 2016 жылы оқуды бітіргенімде ұстаздық ету немесе журналист болу деген екі түрлі таңдау тұрды алдымда. Біріншісін көрейін деп алғашында кішігірім курстарда сабақ беруден бастадым. Кішігірім курстардың өзінен шабыт ала алмаған мен өзгеден бұрын өзіңе үйретерің көп болуы тиіс білім бұлағы мектепке барудан тартындым. Сөйтіп шабыттардың, шығармашылықтардың мекені - журналистикадан бірақ шықтым. Жаздым, жазып жүрмін, жаза беремін - бұл менің өмірім! Болашақта өзге басылымдарға ауыссам да, қамшы қолымнан ешқашан түспейді. Осыны түсіндім.

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір