11 Мамыр, 2017 NEWS

ҚАЗАҚСТАН МЕН САУД АРАБИЯСЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ МӘСЕЛЕСІН ТАЛҚЫЛАДЫ

Кездесу барысында тараптар екі ел ынтымақтастығының қазіргі ахуалы мен перспективаларын талқылады, деп хабарлайды

Кездесу барысында тараптар екі ел ынтымақтастығының қазіргі ахуалы мен перспективаларын талқылады, деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан Президенті былтыр күзде Сауд Арабиясы Корольдігіне барған ресми сапарының қорытындысында қол жеткізілген маңызды нәтижелерге назар аударды.

Нұрсұлтан Назарбаев соңғы 25 жылда Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы қарым-қатынас қарқынды дамып, тәжірибе алмасу жолға қойылғанын, сондай-ақ кең ауқымды мәселелер жөнінде уағдаластықтарға қол жеткізілгенін атап өтті.

Мемлекет басшысы елдеріміздің арасындағы ынтымақтастықты нығайту үшін Қазақстан алдағы уақытта да бар күш-жігерін жұмсайтынын айтты.

Сонымен қатар, тараптар күн тәртібіндегі маңызды жайттарды, соның ішінде өңірлік қауіпсіздік, конфессияаралық қақтығыстарды шешу мәселелерін талқылады.

– Өзіңізге мәлім, жақында Астанада Сириядағы қақтығыстар жөнінде кезекті келіссөз өтті. Бұл кездесуге Сирия оппозициясының барлық өкілі қатысқанын атап өткен жөн, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Самер Әл-Сабхан Қазақстан Президентіне екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылауға мүмкіндік туғызғаны үшін алғыс айтып, Сауд Арабиясы Королінің сәлемін жеткізді.

– Біз Қазақстанға ислам әлеміне қатысты мәселелерді шешуге қосқан үлесі, соның ішінде Сириядағы қантөгісті тоқтатуға деген ұмтылысы үшін ризашылық білдіреміз. Сауд Арабиясы Корольдігі Сириядағы қақтығыстар саяси реттеу арқылы шешілуге тиіс деп санайды. Біз бұл мәселені тек бейбіт жолмен шешу жөніндегі Сіздің ұстанымыңызды қолдаймыз, – деді Самер Әл-Сабхан.

Сондай-ақ, кездесуге Қазақстан Президентінің көмекшісі Н.Онжанов, Сыртқы істер министрі Қ.Әбдірахманов және Сауд Арабиясы Корольдігінің Қазақстандағы елшісі Захир бен Мутиш Әл-Энази қатысты.

Шолушы: Гүлім Жақан

Gulim Zhaqan

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық универистиетінің филология және әлем тілдері факультетін бітірдім. 2017 жылдан бері Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісімін. 2016 жылы оқуды бітіргенімде ұстаздық ету немесе журналист болу деген екі түрлі таңдау тұрды алдымда. Біріншісін көрейін деп алғашында кішігірім курстарда сабақ беруден бастадым. Кішігірім курстардың өзінен шабыт ала алмаған мен өзгеден бұрын өзіңе үйретерің көп болуы тиіс білім бұлағы мектепке барудан тартындым. Сөйтіп шабыттардың, шығармашылықтардың мекені - журналистикадан бірақ шықтым. Жаздым, жазып жүрмін, жаза беремін - бұл менің өмірім! Болашақта өзге басылымдарға ауыссам да, қамшы қолымнан ешқашан түспейді. Осыны түсіндім.

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір