03 Мамыр, 2017 NEWS

ЕЛІМІЗДЕ ЖЕҢІС КҮНІНЕ ОРАЙ МЕМЛЕКЕТТІК ТУ ТҮСТЕС «ЖЕҢІС ЛЕНТАСЫ» ТАРАТЫЛАДЫ

Еліміздегі ең елеулі даталардың бірі – 9 мамыр – Жеңіс күні жақындап келеді. Жеңіс күні – сан мыңдаған ұрпақ үшін ортақ мереке....

Еліміздегі ең елеулі даталардың бірі – 9 мамыр – Жеңіс күні жақындап келеді. Жеңіс күні – сан мыңдаған ұрпақ үшін ортақ мереке. Бейбітшіліктің мәңгі жасампаздығын, ақтық демі қалғанша Отанын қорғаған жауынгерлердің айбыны, тылдағы жұмысшылардың ерен еңбектерінің мәңгі өшпейтіндігін дәлелдейтін белгі. Бұл күн – абыройымыз бен даңқымыз артқан күн. Ата-бабамыздың табандылығы мен ерлігі, Отанға деген сүйіспеншілігінің арқасында қатал соғыстың нәтижесі Жеңіспен аяқталған күн.

Отан үшін отқа күйген ата-бабамыздың ерлігін ұлықтау ендігі біздің еншімізде. Атаулы күннің мәнін, қасиетін жоғалтпай келесі ұрпаққа жеткізу де бүгінгі жастардың үлкен міндеті. Соған байланысты әр жылы Жеңіс күніне орай мерекелік іс-шаралар өтіп тұрады. Өткен жылдарды «Жеңіс күні» мерекесінің қарсаңында еліміздің үлкен-кішісіне «Георгий лентасы» таратылатын еді. Бұл дәстүр алғаш Ресейде 2005 жылдың наурызында басталған. Оның мақсатын Ұлы Отан соғысына қатысып, жеңіске жетуге септігін тигізген ардагерлерімізді еске алып, оларды ардақ тұту болса, екнішіден қоғам назарын ардагерлер мәселесіне назар аудару деп түсінніп жүрдік. Сөйтіп Ресейде де, елімзіде де сары-қара түсті Георгия лентасы сәнге айналған. Көшедегі тұрмыстық құралдар, тіпті көліктерге дейін осы ленталармен көмкерілгені есімізде. Сырттай қарағанда, бұл ленталарЖеңіс күнінің символы ретінде көрінгенімен, қоғам белсенділері көршіміздің, яғни Ресейдің идеологиялық қаруына айналып бара жатыр деген пікірлері күдік тудырды. Мұндай ленталардың қазақ жерінде таратылуы таңсық көрінді. Георгия лентасын жандандыру – Ресей идеологиясын санаға сіңірудің бір көрінісі деп болжаған азамттарымыз да болды. Бірнеше қоғам белсендісі қарсы шығып, Георгий лентасын Ресейдің жымысқы саясатына балады. Кеңес әскеріне қатысы жоқ аталмыш лентаны 1941-1945 жыл аралығында болған соғыс белгісі ретінде тағу тарихи қателік деп, мұндай іс-шараға түбегейлі қарсы болған.

Осы жағдайлар ескеріліп 2015 жылы елімізде Ұлы Жеңіске орай «Георгий лентасының» баламасы ретінде Жеңіс лентасы жасалды. Жеңіс символының оандық нұсқасы көк түсті жібек матадан дайындалған. Ұзындығы – 30, ал ені – 3 см. Ұлттық оюмен көмкерілген лентаның екі шетінде Отан соғысының ордені бейнеленген. Сөйтіп, 2015 жылдан бастап елімздің әр қаласында Жеңіс күніне орай «Жеңіс ленталарын» тарату акциясы өтіп келеді.

Акцияның басты мақсаты – Ұлы Отан соғысына елі мен жері үшін жаумен шайқасқан қаһарман жауынгерлердің ерлігін мәңгіге ұрпақ санасында қалдыру.  

Әр жыл сайын Елордада Жеңіс күні қарсаңында ел игілігі мен болашақ ұрпақтың бостандығы үшін өз өмірін  қиған жандарды, соғыс жылдарын және олардың ерліктерін есте сақтап қалуға бағытталған «Жеңіс лентасы» жыл сайынғы шарасы осы жылы да ұйымдастырылды.

Биыл патриоттық акция аясында ленталар 6-9 мамырда сағат 10:30-дан 18:30-ға дейін қаланың бірнеше нүктесінде, соның ішінде «Бәйтерек» монументінің, «Хан Шатыр», «Mega Silk way» сауда ойын-сауық орталықтарының маңында, қалалық алаңда және Студенттер саябағында таратылады.

Бұдан бұрын сәуірдің аяғында Шымкент қаласында жиырмаға жуық белсенді тұрғындарға 9 мамыр мерекесіне арналған лента таратып, акция өткізді.

Акцияны ұйымдастырушылардың бірі, «Ағартушы» қоғамдық қозғалысының төрағасы Өмір Шыныбекұлы сол соғыстағы совет әскері жеңісінің рәмізі ретінде көрініп жүрген Георгий лентасының Екінші дүниежүзілік соғысқа еш қатысы жоқ екенін айтқан.

«Біз таратып отырған лентаның түсі – байрағымыз секілді көк түстес. Қазақтың өю-өрнегімен өрнектелген. Дөңгелек таңбада «9 мамыр» деп жазылған. Бұл Жеңіс күнін аңғартады» деді ол.

Бұл шара 9 мамырға дейін жалғасын таппақ.

Қамшыгер: Гүлім ЖАҚАН

 

Gulim Zhaqan

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық универистиетінің филология және әлем тілдері факультетін бітірдім. 2017 жылдан бері Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісімін. 2016 жылы оқуды бітіргенімде ұстаздық ету немесе журналист болу деген екі түрлі таңдау тұрды алдымда. Біріншісін көрейін деп алғашында кішігірім курстарда сабақ беруден бастадым. Кішігірім курстардың өзінен шабыт ала алмаған мен өзгеден бұрын өзіңе үйретерің көп болуы тиіс білім бұлағы мектепке барудан тартындым. Сөйтіп шабыттардың, шығармашылықтардың мекені - журналистикадан бірақ шықтым. Жаздым, жазып жүрмін, жаза беремін - бұл менің өмірім! Болашақта өзге басылымдарға ауыссам да, қамшы қолымнан ешқашан түспейді. Осыны түсіндім.

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір