• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 20:18:28
Алматы
+35°

28 Сәуір, 2017 NEWS

ҚЫЗ НАЗЫ: ҚАЗАҚ ЖІГІТТЕРІ «ҚАТЫН МІНЕЗДІ» БОЛЫП БАРА ЖАТҚАН ЖОҚ ПА?

Халықаралық әйелдер және аналар мерекесі – 8 наурыз үлкен мереке ретінде тойланатыны бәрімізге мәлім. Өз ері үшін туып-өскен жерін, еркелеп өсірген...

Халықаралық әйелдер және аналар мерекесі – 8 наурыз үлкен мереке ретінде тойланатыны бәрімізге мәлім. Өз ері үшін туып-өскен жерін, еркелеп өсірген ата-анасын тастап, өзге шаңырақың түтінін түтеймін деген қыздарымызға, баланы 9 ай құрсағында көтеріп, өмір бойы жүрегінде сақтайтын Аналарымызға, бар өмірін отбасына арнайтын әйелдер қауымына арнап бір күнді ғана емес, әр күнді мереке ету артық болмайды. Сол секілді, әкелеріміз бен ер азаматтарымыздың мерекесі де еленбей қалса, дұрыс емес, әрине. Соған орай 2012 жылы еліміздің күнтізбесінде «қызыл күн» пайда болған еді. Сол уақытқа дейін аты аталғанымен, еленбеген 7 мамыр, яғни Отан қорғаушылар күні 2012 жылдан бастап мемлекеттік мереке ретінде аталып жүр. 7 мамыр қатардағы дата ретінде елеусіз қалмай мемлекеттік мәртебеге ие болды.

Ал, аталмыш мерекені кей жігіттеріміз тек әскерге барып келген немесе әскери базадан хабары бар жігіттердің мерекесі деп, соларға сілтей салады. Сонда бұл қоғамда сіздер кімсіздер? Иә, бәлкім қоғам үшін маңызды іс атқарып жатқан шығарсыздар, бірақ Отан қорғаушылар күні менің мерекем емес деп ат тонын ала қашқан мінездеріңіз нағыз азаматқа тән қылық емес.

Сонда Отан қорғаушылар дегеніміз кімдер дейсіздер ғой. Иә, өз елін қорғауға, елінің намысын қашан да ақтауға дайын азамат – нағыз Отан қорғаушысы болып саналар, бәлкім. Бірақ, менің түсінігімдегі Отан қорғаушысының одан да үлкен мағынасы бар. Отан отбасынан басталады демекші, сенің отбасың – Отан, сенің анаң, әкең – Отан,   сенің әпкең, қарындасың – Отанғ, сенің әр бауырың – Отан. Ең бірінші кезекте әр азамат сол Отанды қорғап үйренуі тиіс. Қарап отырсақ, бұған да қауқары жетпейтін азаматтарымыз жетіп жатыр.

Көпке топырақ шашапаймын. Нағыз ер деп атауға лайық азаматтарымыз бар. Оларға қарап риза боласың, еліміздің болашағына сенімділік танытасың. Алайда, «бірақ» дейтін жайттардың бары көңіл қынжылтады. Бүгінгі таңда қаншама ерлеріміз ұсақталып бара жатыр. Оған бірнеше мысалдарды келтіріп өткім келеді.

Қарапайым бір жағдайды айта кетейін. Автобуста отырған сәтім еді. Бір уақытта аяқ астынан елдің назарын өзіне аударған жанжал туындады. Жоқ, елдің назарын жанжал аудармады, дардай ер азаматтың қария әжейге дауыс көтеруі аударды. Сондағысы, әлгі әжейдің сөмкесі жігіттің әппақ шалбарын былғап қойған. Аң-таң болған жұрт жігіттің ашуын басуға тырысқанымен, әлгінің қарт кісіге айтары таусылар емес. «Тып-тыныш үйлеріңде отырмайсыңдар ма?» дегеннен бастап, «әбден масыл болып біттіңдер» деген ызаға толы сөзімен аяқтады. Байғұс әжейдің не сезінгенін кім білсін? Үнсіз тұра берді. Әлгі жігіт те міз бақпады, кешірім де сұрамады, ұялмады, қызармады. Сыртта мінез көрсеткен азамат отбасында да дәл сондай екеніне күмәным жоқ. Яғни, өз анасына дауыс көтереді, қарындасын жылатады, әпкесін сыйламайды. Өз Отанын қорғауға ол жігіттің қауқары жетпесі анық. Сонда болашақта отбасы сондай жігітке қалай арқа сүйемек?

Тағы бір мысал. Бүгінгі заманда ер мен әйелдің теңесіп кеткені бұрыннан қозғалып келе жатқан мәселе. Ер адам істейтін дүниені әйел де істей алады дейміз де, екі жақтың күшін теңестіріп қоямыз. Бірақ, бірақ... Әйел адам еңбектеніп, ер адам үйінде әйелін күтіп отыратын болса, не дейміз? Әйелім келгенше үй жинап қояйын, тамақ пісіріп қояйын, азық-түлікке барып келейін деп жүретін еркектердің бары жасырын емес. Сөйтеді де, «7 мамыр – менің мерекем, мен бүгін демалам, түк істемеймін» деп шалқайып жатады. Бұл еркектер қоғам үшін кімдер? Ең бастысы, отбасы үшін кім?

Осындайда сықақшы Оспанхан Әубәкіровтың кекесінмен жазылған «Біздің ағай тамаша» деген әлгі бір әні еріксіз еске түседі:

Біздің ағай қызық адам тамаша,

Қызығы бар сан жетпейтін санаса.

Жеңгемізді сыйлайтыны соншалық-

Томпаң қағып жүгіреді балаша.

Жеңгей кетсе қыдырып,

Кеш келеді күн жүріп,

 Ағай үйде отырады,

Шалпылдатып кір жуып,

Біздің ағай, біздің ағай тамаша...

Дәл осындай «тамаша ағайлар» бүгінде көбейіп барады. Ол ол ма? Бір шеге қаға алмайтын, кранның түбінен су тамшыласа да сантехник шақыртатын, не даланың, не қаланың шаруасына қыры жоқ ақсаусақ жігіттер де қаулап келеді біздің қоғамда. Ал, мал сою, бас-сирақ үйіту, ет мүшелеу болашақта ақысы қымбат жеке кәсіпке айналатын түрі бар. Себебі, бұрын екінің бірі білетін осы іске қазір ауылдың өзінде тек орта жастағы кісілер жауапты болып қалған. Жас жігіттеріміз шаруадан бос қалған. Ал ертең ол өз Отанын, отбасын қалай қорғамақ?

Басты тақырып ретінде алатын тағы бір мәселені айта кеткен жөн. Тырысқан шалбарлар, боялған ұзын шаштар, тесілген құлақтар. Жоқ, мен қыздар жайлы емес, қазақтың бүгінгі жігіттері жайлы айтып тұрмын. Оған мысал да көп. Көшеде жүрген жігіттердің көбін дәл осындай бейнемен көреміз. Тіпті, нағыз мәдениеттің ордасы болуы тиіс сахна төрлерінде де жүреді бұндай жігіттер, жігіттер емес-ау, жігіт-сымақтар. Адамның еркінідігін шектеуге болмайды дейді де, өз білгендерін істейді. Мұндайлар сахна сыртындағы халыққа қандай тәрбие бермек, бұдан бұрын қандай әке болмақ? Өз әйелінен еш айырмашылығы жоқ бұл жігіттерден қандай ұрпақ өрбімек? Ең бастысы Отанын, отбасын қалай қорғамақ?        

Енді бір мәселе, кей жігіттеріміздің әскерге барудағы мақсаты жөнінде айтпақпын. Бүгінгі қоғамдағы заң бойынша, әскери билетсіз жігіттерді жұмысқа алмайды. Не 1 жылға жуық әскерге барып келуі тиіс, не университеттердегі әскери дайындық курстарына барады. Сондағы көбінің мақсаттары – болашақта жұмыссыз қалмау. Жігітер дәл бұлай айтпаса да, әскери билетті алуға асыққан азаматтарымыздың іс әрекетінен осындай дүниені байқауға болады. Ал әскерге әкелеріміз не үшін барған? Нағыз өз-өзіне сенімді, сөзіне жауап беретін, өз жақындары үшін бәріне төтеп бере алатын ер азамат болып тәрбиелену еді ғой әкелеріміздің мақсаты.

Құрметті жігіттер қауымы, қолға қару алып, соғысқа аттанбай-ақ қойыңыздар, төбелесудің неше түрлі әдіс-тәсілдерін білмей-ақ қойсаңыздар да мейлі. Ең бастысы, отбасыңызға тіреу болыңыз, анаңыздың қамқоры, қарындасыңыздың қорғаны, әпкеңіздің жанашыры, жарыңыздың арқа сүйер азаматы болыңыз. Ал отбасы – сіздің Отаныңыз! Сіздің басты міндетіңіз – сол Отанды қорғау.

Ал жігіт басыңызбен анаңыз бен әжеңізге татитын үлкен кісілермен жаға жыртысып тұрсаңыз, өзіңіз тіреу болудың орнына әйеліңіздің етегіне сіз жармасып жүрсеңіз, өз үйіңіздің бір шегесін өзіңіз қаға алмасаңыз, қыз балалармен жарысып құлағыңызды тессеңіз, шашыңызды өсірсеңіз, 7 мамырды сіздердей жігіттердің құрметіне арнап Отан қорғаушылар күні деп атаудың қажеті қанша?!  

Қамшыгер: Гүлім ЖАҚАН

 

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір