25 Сәуір, 2017 NEWS

М. ТАЗАБЕК: «САЛАФИЛЕР» – МЕМЛЕКЕТТІ МОЙЫНДАМАЙТЫН, ЕЛБАСЫНА БОЙҰСЫНБАЙТЫН, ШЕТІН КӨЗҚАРАСТАҒЫЛАР

19 сәуірде Астанада «Бейбітшілік және келісім» сарайында «Ислам және өркениет» тақырыбына арналған II Республикалық имамдар форумы өтті...

19 сәуірде Астанада «Бейбітшілік және келісім» сарайында «Ислам және өркениет» тақырыбына арналған II Республикалық имамдар форумы өтті. Форумнан кейін дін қызметкерлері қабылдаған Елбасы деструктивті діни ағымдарға қарсы күрес жүргізу керектігін айтты. Сондай-ақ,  бүгінгі таңдағы діни сауатсыздыққа ерекше көңіл бөліп, ерлеріміздің ұзын сақал қойып, балақтарын қысқартып тастайтынын, ал қыздарымыздың қара көйлек киіп, бет-аузын тұмшалап алатын әрекеттерін сынға алып, бұған заңнамалық деңгейде тыйым салу мәселесін қарастыруды тапсырды. Елбасының шешіміне байланысты Қамшы ақпараттық агенттігінің тілшісі елімізде имандылықты насихаттап жүрген "Асыл арнаның" жетекшісі Мұхамеджан Тазабектен сұхбат алды. 

Мұхамеджан мырза, Елбасының бұл шешіміне қатысты сіздің ойыңызды білсек деп едік? Қаншалықты келісесіз?

Елбасы мұсылман адам шошитын ешнәрсе айтқан жоқ. Бұл жолы да елдің тыныштығы мен мемлекеттің қауіпсіздігін ойлап айтқан жанашырлығы мен ынсапты пікіріне куә болдық. Біз кейде асығамыз немесе кешігеміз. Елбасының даналығы сонда, мәселені дер кезінде және керек деңгейде көтереді. Бас Мүфти бастаған дін қайраткерлерімен кездесуінде де ақты ақ, қараны қара деп, асылды жасықтан ажыратып берді. Маңызды мен маңызсыздың мәресін сызып берді. Мәселен, бабаларымыздың басымен бірге кеткен, "ердің көркі" ретінде мақалға мәйек болған сақалды бүтіндей қисынсыз құбылысқа жатқызған жоқ. Керісінше, "өрімдей жастардың сапсиған сақал қойып", күрмеуі күрделі заманда кірпияз қоғаммен тіл табыса алмай жатқанына кейіді. "Балақты шорт кесіп", сыртқы сипаттарға басымдық беріп, мінездегі әдептер мен кісімен қарым-қатынастағы жұмсақтықтардан жұрдай боп жүрген бозөкпе, бос белбеулерге налыды.

Расында, амал қылмай тұрып аят жаттауға, қасиетін ұқпай жатып xадис тарқатуға, өзін түзетпей тұрып өзгені сөгуге асықпаған еді ғой ілгергі әулие-саxабалар. Ішкі дүниесін нұрға толтырмай тұрып, сыртқы дүниесіне сынмен қарайтын да сол табиғин-тақуалар емес пе еді...

Тариxқа қарасаң, тағылымды тұлғалар ең әуелі есімізге сақалының ұзындығы емес, сауапты ісінің көптігімен, балағының келтелігі емес, бос сөзінің қысқалығымен еске түспей ме..?

Кешегі xакім Абай да оң-солына қарап, ішкі дүниесін реттеуге ықыластанбай, жұрт байқар тысына тиянақты болғандарды қатты әжуалаған екен:

"Осындай сидаң жігіт елде мол-ақ,

Бәрі де шаруаға келеді олақ.

Сырын түзер біреу жоқ, сыртын түзеп, 

Бар өнері — қу борбай, сымпыс шолақ".

Демек, жүрегі иманға толы адамның жүзі ешкімді шошытпайды, ішкі дүниесі кемелденген мүміннің сырты ешкімді тіксінтпейді. Проблема сақалда емес, проблема заманның сырын ұғып, сынын түйіп, парыз бен пайдалы нәпілдің, міндет пен қосалқы құлшылықтың ретін түсіне алмай, өзеуреп жүрген өзімізде. Рас, сақалдан өтірік үріккен боп, өзінің дінге қарсы пиғылын паш етіп қалатын, бірлі-жарым мұсылманның сүрінгенін сүйсіне баяндап, елдің алдында есебін түгендеп,  күнәлі тірлігін күнделікті жалғастыруға бетперде қылатындар да бар. Олар қай заманда да болған. Қиаметке дейін бола береді. Баға жетпес иманды байлық көретін мұсылман үшін қысқа ғұмырдың сыры ашылмас сынағының өзі де осында..!

Ал, "шымқай қара кию мен бетін тұмшалау" шынында да бой жасырған иманды қыз, ибалы әйел үшін сәтті шешім емес. Жұрттың назарын шақырады. Көрінгенге көзтүрткі боласың. Басқа мұсылман елдерінің дәстүрлі киімін өзіңе қолайсыз күйде, қораш ортада тұтыну кімге пайда? Бұның артында да жағдайды пайымдай отырып жанашырлық танытатын, әйелдің әдемілігін қорғай отырып әлеуметтік сығылудан сақтайтын, ер азаматтардың даналығы жетпей жатқаны байқалады. Ал, бұл білместік қана емес, қоғамға ерегісу, жүректегі қыңырлық себепті қырсығу болса, өте өкінішті. Арты жақсылыққа апармайды.

Сондықтан, Елбасының діндарларға айтқан насиxатын тікелей тыйым салу жайлы шешім емес, заңнамалық тұрғыдан реттеуді қарастыратын талап деп түсіндім.

 Мемлекетімізде дінге берілген тұрғындардың көбі дәл осындай киімдермен жүреді. Дінді ұстанатындықтары сонша, оларға қысқа балақ пен қара киімді шештіре салу оңай бола қоймасы анық. Ондайда қандай шаралар қолданған дұрыс деп ойлайсыз?

Біріншіден, ондай сипатта жүрген мұсылмандардың көбі емес, кейбірі.

Екіншіден, руxани мәселелер науқаншылдықпен емес, қамқоршылықпен шешуді қалайды. Себебі, проблема пенденің ішкі дүниесінде болса, сыртын сындырғанмен, өзегі өлмейді. Дұрыстық лайықты түрде насиxатталса, шынайы ниеттегілер шындыққа міндетті түрде бұрылады. Тариxы терең xалық болғанымызбен жас мемлекетпіз. 26 жылда жүз жылдың жүгін арқаладық. Құндылықтар қырық құбылды. Қалтасы тозған базарға жүгірді, арқасы қозған мазарға жүгірді. Үлкеннен кеңес тыңдағандар дінге кірді, кеңес тыңдамағандар кесірткенің артынан інге кірді. Табиғи түрде қордаланған, болуы тиіс проблемалар болды. Руxани таяныш іздеп, ақыл айтар аға, ілестірер ініге мұқтаж болған қауым енді-енді есін жиып жатқан жоқ па..?

Баласын қолынан жетектеп мешітке апарған, баласының тағдырын сауатты имаммен ақылдасқан ата-ана көп пе? Әрине аз. Тәрбиені көшеден алған көшелі адам бола ма? Ғаламтор алақанда тұр... Бұрындары бұзылу үшін ең болмаса сыртқа шығу керек еді. Қазір келесі бөлмедегі балаңның интернет арқылы қандай кеңес тыңдап, кімді пір тұтып жатқанын білу қиын. Яғни, замана тудырған заңдылықтар бар. Түбін зерттеп түпкілікті шара қолданбасаң, сараптай отырып, саналы қадам жасамасаң, ертең - бәрі кеш. Ал, шектен шығып, шетін көзқарастарда жүргендер түсінікті. "Қамысты бос ұстауға болмайды, қол кеседі"...

Елбасы өзі де айтты ғой, "әдейілеп, бізге қарсы болғандарды тайраңдатпаймыз, елдігімізді бұзғандардың жолын кесеміз", деп. Өте дұрыс. Жүйені бұзуды да, құруды да білген Ленин бәтшағар бекер айтқан жоқ қой: "Жеке адамның толық бостандығы болған жерде мемлекет болмайды, мемлекет болған жерде жеке адамның толық бостандығы болмайды", деп. Сол себепті мемлекет басшысының бұл мәселеге ерекше назар аударуы - дінмен күрес емес дүмшелікпен күрес деп есептеймін. Әрі ақылға көнгенді ақылмен, ақылға көнбегенді тақыммен түзетіп, дін ұстағандарға әділетті қарым-қатынас жасайды деп ойлаймын.

Өйткені, алдын айтқан Елбасының өз сөзі бар:

"Сөйте тұрып, мен ұлтты да сақтандырғым келеді. Экстремизммен күрес әйтеуір жазықтыны іздеп табуға айналып кетпеуге және дінмен күреске жалғасып кетпеуге тиіс" деген.

Елімізде қатаң заңның қабылдануы қыз-келіншектеріміздің орамал тағуына кедергі келтірмей ме?

Заңның қалай боп қабылданарын уақыт көрсетеді. Бірақ, Елбасы кешегі кездесуде қазақ қыз-келіншектерінің жалаңаш жүрмегенін жақсы айтып өтті ғой. "Тариxқа қарасақ, қыздарымыз бөрік киген, келіндеріміз орамал салған, аналарымыз кимешек киген" деп, киіну мәдениетіміздің қандай биік деңгейде болғанын, қоғамдағы статусына сәйкес нәзік жыныстыларымыздың талғам таразысы көркем болғанын қадап айтты. Қыздарымыз баяғыдай бөрік киіп кетпес, бірақ, іздене отырып, шариғат шарттары мен дәстүрлі киім мәдениетімізді қабыстыратын заманауи шешім және ортадан жол таңдауымызға бағыт беріп отырған жоқ па?! Қайғы-қасірет, қазалы үйдің белгісіндей болған қара жамылудан қайтарған жоқ па?! Әйтсе де, орамал таққан келіншекке одырая қарайтын, кимешек киген кейуананы кемсіткісі кеп тұратын отандастарымыз да жоқ емес. Тоқшылықтан семіріп, өз басына жамандық шақырып, бейбіт заманда бейшараның кейпіне түсіп, жыртық шалбар, жұлым көйлек киіп жүрген жұғымсыздарға не деп ренжисің?.. 

"Жығылып жатып сүрінгенге күлетін", "арты ашылып тұрса да, басы жабылғанға ренжитін" парадокстарға етіміз үйреніп қалды ғой... Ең бастысы мемлекет биіктен қарап, сүзгіден өткізіп, өміршең заң қабылдап берсе болды. Әділдік қана берекелі, xайырлы нәтижеге жетелейді.

Зейнеп Ахметова апамыз орамалдың қасиеті жайында керемет пікірімен бөліскен. «Орамал – қазақ әйелінің қорғаны. Жалаңбас, ашық-шашық жүретін әйелдерге жаман энергия көп өтеді. Сосын аурушаң, мінезі ұйқы-тұйқы әйел көбейеді. Осының барлығын ата-бабамыз баяғыда біліп, тұрмыстың бұлжымас заңына айналдырып жіберген. Қазір ғой, бәрін ұмытып кеткеніміз», дейді. Сіз де қыздарымызға ақыл-кеңес ретінде орамалдың қасиеті жайында айтып берсеңіз?

Көпті көрген апамның сөзіне алып-қосарым жоқ. Орамал – дәстүр, орамал – шариғат шәлісі (М.Әуезов), орамал – әдемілік. Соңғы жүз жылдықты айтпағанда, адамзатқа ақиқи дін жеткізген данышпан пайғамбарлар өз үмбеттеріндегі әйелдердің әуретті жерлерін сұқ көздерден барынша қорғап, керемет киім мәдениетін қалыптастырып кеткен. Қазір киім ғана емес, кісіліктің кез-келген түріне шөлдей бастадық қой. Баласын лақтырған шеше, қызына шапқан әке, еркекке асылған еркек, ата-анасын ұрған тентек... Осының бәрі батысты да, шығысты да шаршатты. Қазір батыс экономикадағы бір реттік табысты ғана емес, оның түбі xайырлы, үздіксіз үзілмеуін (яғни, береке) іздеуде. Шығыс болса, әлемге нұр боп шашылған бабалар дәстүріне оралуды мақсат тұта бастады. Демек, адамзат діңгекке, дәстүрге оралуды құп көруде. Заманауи теxнологиялық жетістіктерді руxани тірекке байламайынша бақыт толық болмайтынын пайымдауда. Сондықтан, еркек еркек сияқты күш-қуат, салқын сана, суық ақыл, басқару, бағып-қағу секілді қандағы қасиеттерін қайта жаңғыртар күн де жақын-ау. Әйелдер қауымы да нәзіктігі мен құпияға толы қылықты қасиеттері қанық қалыптасып, ұрпақ тәрбиесінің ұясы, еркектің ес жидырар тұнық тұмасына айналар күн де алыс емес-ау. Әйел сұлулығы арзан жарнаманың арзымас құралы болудан құтылып, қол жетпес құндылық пен гауxар толы қазынаның кілтіндей биіктерге көтерілер. Орамал – сол ізгіліктердің бетін жасырар дүниелік перде емес пе?! Адамзат дәстүрге шөлдеп бастады ғой... Орамалға да оралар!

Қысқа балақты еркектер мен орамал таққан әйелдерге бүгінгі қоғам үрейлене қарайтын болды. Ондайларды террористік идеяның теріс ықпалына түсіп кеткен салафиттер дейді. Алайда, олардың ойы мүлдем басқа болуы мүмкін ғой?! Сонда салафиттер деген кімдер?

"Орамал", "сақал", "террор", "салафит"! Бір сұрақтың ішіндегі төрт термин. Бірақ, осы төрт құбылыс бір сұрақтың ішіне сыйғанмен бір мақсат, бір мүдденің ішіне сия ма? "Шарадағы кірдің суын төгем деп, шомылдырылған сәбиді қоса төңкеріп тастап" жатқан жоқпыз ба? Сұрақ көп. Әркім әртүрлі айтады. Дін жайлы пікір айтпайтын адам жоқ. Әлемдік телеарналардан бастап, қатардағы таксиске дейін дінді тәпсірлеп отыр. Түпсіз тұманға кіріп кеткен сияқтымыз. Өте қорқынышты. Нені жек көріп, нені жақсы көруіңе дейін ақпарат құралдары анықтап беретін заманға тап келдік. Аузыңдағы асыңды ғана емес, басыңдағы ақылыңа егелік қылатын ептілер мен "тектілер" тариx саxнасына шықты. Сондықтан Қазақстандағы Исламның дәстүрлі жолын ұстанатындардың өзін қара есекке мінгізіп, Қаратаудан асырып жібергісі келетіндер бар. "Дінтанушы" деген кейбір қағазы барлар діни басқарманың өзін салафилер деп айыптағысы келеді. Бір-біріне саусақ шошайтқан пірадарлар...

Жасыратыны жоқ, алақұйын ақпараттан жұрттың миы ашып қалды.

Сіз сұрап отырған анық салафиді мен де айқын танығым келеді. Бүтін бейнесі мен толық тұлғасын қалай анықтаймыз? Дінтанушылардың пікірін аламыз ба, әлде имамдарымыздың ишарасына жүгінеміз бе? Әлде, үп еткенге үкім айтудан шаршамайтын, интернет иінінде отырған, долбарлап пікір жазушы "жанашырларымыздың" "сараптауына" сүйенеміз бе?

Жұрт айтқан сипаттарға сәйкес келген тұлғаға қандай шара қолданамыз? Қиып түсер әділ жазалау мен қиянаттың арасы қаншалықты?

"Салафи" бола ма, басқа бола ма, иә, қоғамға қауіп төндірсе, шын қылмыскердің жазалануы заңды. Ол түгілі: "Қызым Фатима ұрлық қылған болса, қолын кесуге өзім бұйрық берер едім", деген Алла елшісі Мұxамед с.ғ.с.

Бірақ, біздің қоғам көзқарас тұрғысынан біртүрлі. Шын зиянкес экстремист, райынан қайтпайтын радикал, салт-сананы мойындамайтын салафимен емес, әркім өзінің ұғымындағы қарсыласымен жауласып әлек.  Шынтуайтында, Елбасынан бастап, есті тұлғаларымызға дейін айтып жатқан "салафилер" сол - мемлекетті мойындамайтын, елбасына бойсұнбайтын, ұлттық құндылыққа іші бұрмайтын, шетін көзқараста жүргендер болса, олар бізді де шаршатты. Егер, олар, "құран оқу – ширк", "домбыра – ширк", "қабірлерді қирату – сауап", "араб бізден артық", "әйелдеріміз қара жамылсын" дегендер болса, бұл расында бізбен қабыспайтын тұжырымдағылар. Біз "салафиміз", деп, қанша жерден айтса да такфирлік түсініктегілердің түбі шикі, мәресі бүлік. Білімі мен білігі, танымы мен түсінігі, ұстанымы мен ұшқарылығы "алтын ғасырдың" ардақтыларына үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, "елім, жерім" демейтін осындай жастар біздің елімізде де көрініс берді. Сыртқы суық пиғылдағылармен іштегі дүмбілез дүмшелер жабылып жүріп, тәрбиелеп шығарды. "Жындыны жынды десең, бөркі қазандай болады", деп, "қой" деген сайын қозып, "тәк" деген сайын тәкаппарлығы ұстайтындармен әр жерде-ақ кездесіп қап жүрміз. Қаншама асыл дінімізбен астасып жатқан салт-дәстүрлерімізді дәріптеген тұста жөн-жосық, кішілік ізет, құдалықтың жолы, той-қызықтың жоралғысы секілді құндылықтарымызды қорғаған кезде сол сормаңдай бауырларымыздан қаншама ауыр сөздер естідік. Бабаларымыздың тариxи тәжірибесінен қалған қазақи қарым-қатынас үлгілерін – "казаxский прикол" дегенін де құлағымыз естіді, жанымыз жараланды. Бірақ, үмітімізді үзбедік, тәрбиеден кеткен қателік уақыт өте келе кетігін толтырар, кемісін жояр дедік. "Асыл арнаның" тоғыз жылдық тариxында жабық мекеме болмағасын кімді көрмедік, нендей радикалмен кездеспедік. "Құдайдан xабар алатын су жаңа пайғамбар да", "домбыра күмбірлейтін арнаны тоқтату-жиxад" деп есептейтін "салафи де" біздің есік алдында немесе интернет иінінде күндіз-түні күтіп отырады. Жеке парақшама жеңін түріп тұрып айтқан "Асыл арна – xаһты айтпайтын xарам арна", "айтыстың айналасында жүрген күнәқарсың", "біз сияқты болмасаң, бидғатшысың", "шейxтың алдын көрмеген, білімсіз надансың", "тезірек тәубе қыл" сияқты қоқан-лоқыларына да сабыр қылдық. Және ол анда-санда емес, екі күннің бірінде айтылады. Осының бәрі қоғамдық фармация ауысқан кездегі руxани дәстүрлердің күйреуінен, білімсіз, тәжірибесіз жастардың қызуқанды алкеуделігінен. Мемлекет басшысы қоғам дамуына кедергі келтіретіндерді қолға алуды әрдайым тапсырып келеді. Мұндай радикалды көзқарас біз де ғана емес, әлемнің барлық нүктесінен кездесетін кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Ақырзаман адамдарынан кім туып, кім шықпай жатыр?! Байбаламға сала бергеннен балаларымызды біреу кеп тәрбиелей бермейді, ел боп, жұрт боп жабылып, отбасымыздан бастап осы ауырулардың алдын алуымыз керек. Қате жолға түсіп кете ме деп үрке бергеннен не ұтамыз? Керісінше, санаға қате пікір тамырламай тұрып дұрыс дінді танымына егуіміз керек. Әйтпесе, "ит қорыған –  жерге өш", "боранды күні бала құтырады" деп бабаларымыз айтқандай, ерегіскенді ерлік көретін, өзімбілермендікті өрлік көретіндердер ел ішінде толып жатыр.

Жақында жат ағымның жетегінде кеткен жігіт жайында «Асыл арна» ұжымы «Сергелдең» фильмін көрерменге ұсынды. Бұны діни адасудың алдын алатын бірден-бір жол деп танимыз. Жат ағыммен күресудің басқа қандай жолдары бар?

Иә, "Асыл арна" ұжымы қатерлі террор мен діни радикализмнің зиянын ұқтырып, зұлымдығынан сақтандыратын көптеген теле өнімдер дайындап келеді. "Сергелдең" фильмі болса, солардың ішіндегі шоқтығы биік, үлкен ізденісті, нәзік қатынасты талап еткен соны еңбек болды. Бағасын көрермендер бере жатар. Бірақ, кешегі Елбасының "Болашаққа бағдар: Руxани жаңғыру" атты мақаласы жария болып, көптеген асыл құндылықтар аршылғалы жатқан тұста бағыт-бағдарымыздың мемлекеттің руxани дамуына сәйкес екенін сезініп, қанаттанып, болашақ жобаларға тәуекеліміз арта түсті. Ұрпақтың толыққанды өсіп-өнуінің, жас буынның жат ағымдардан аман сақталуының да осы мақалада айтылғандай тариxи тамыр, даңғайыр дәстүр, ақиқаттан бастау алған бабалар мұрасынан артық емі жоқ. Надандықтан жарыққа шығарар білім де, бәсекеге қабілетті білік те, теріс ағымға тегеурін көрсетер имани имунитет те, сол –  Елбасы нұсқаған ұлттық негізде, тариxи санада, руxани қазынада жатыр. Жат жарылқамайды. Ауызбірлік пен жүйелі тірлігіміз қожырамаса, алар асуымыз алда, Алла қаласа.

Сұхбаттасқан: Гүлім ЖАҚАН

(24 сағаттың ішінде материалды көшіріп-басуға болмайды)

Gulim Zhaqan

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық универистиетінің филология және әлем тілдері факультетін бітірдім. 2017 жылдан бері Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісімін. 2016 жылы оқуды бітіргенімде ұстаздық ету немесе журналист болу деген екі түрлі таңдау тұрды алдымда. Біріншісін көрейін деп алғашында кішігірім курстарда сабақ беруден бастадым. Кішігірім курстардың өзінен шабыт ала алмаған мен өзгеден бұрын өзіңе үйретерің көп болуы тиіс білім бұлағы мектепке барудан тартындым. Сөйтіп шабыттардың, шығармашылықтардың мекені - журналистикадан бірақ шықтым. Жаздым, жазып жүрмін, жаза беремін - бұл менің өмірім! Болашақта өзге басылымдарға ауыссам да, қамшы қолымнан ешқашан түспейді. Осыны түсіндім.

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір