• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 20:59:37
Алматы
+35°

01 Қыркүйек, 2016 NEWS

ЕЛБАСЫНЫҢ ТҮРКИЯҒА САПАРЫ: ҚАЗАҚ ЖОЛЫ – ТҮРКІ ДҮНИЕСІ МЕН ОРЫС ӘЛЕМІНЕ ОРТАҚ ДАҢҒЫЛ ЕКЕНІН КӨРСЕТТІ

5 тамыз күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Анкараға барып, Түркия президенті Режеп Ердоғанмен кездесті. «Әскери төңкеріс», «Ресей мен Түркия...

5 тамыз күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Анкараға барып, Түркия президенті Режеп Ердоғанмен кездесті. «Әскери төңкеріс», «Ресей мен Түркия арасындағы салқындық», «Қазақ-түрік лицейлері туралы шу», т.б. мәселелер екі жақты кездесудің маңызын арттыра түсті. Бұл кездесулер туралы Түрік баспасөзінде жарияланған мақалалар әлем назарын аударды. Елбасы сапары «Қазақ жолының» - түркі дүниесі мен орыс әлеміне ортақ даңғыл екенін көрсеткендей болды.

«Назарбаев – Түркі әлемінің ақсақалы»

Түркия басшысы Режеп Ердоған Елбасыны ерекше сән салтанатпен қарсы алды. Журналистерге сұхбат беру кезінде Ердоған «Түркияның дұшпаны – біздің дұшпанымыз» деген Қазақстан Президентін «Түркі әлемінің ақсақалы» деп атады.

Түріктің «t24» арнасы болса, Түрік президенті Ердоғанның «Ақсақалға алғысына» тоқталды. Хабарда Н. Назарбаевтың орыс-түрік қатынасындағы маңызды үлесіне Ердоғанның алғысын айта келе, «Құрметті ақсақал» деген сөздің Ердоғанның аузынан бірнеше мәрте шыққанын ерекше атады. Ердоған өз алғысында Қазақстан Түркияның қиын күндерінде жанынан табылғанындай, Түркия да әрдайым Қазақстанмен бірге екенін айтты.

Ал, Түркияның Таң (Sabah) және Ұлт (Millyet) газеттері Назарбаевтың Түркияға сапарындағы «Түркияға дұшпан болған, біздің де дұшпанымыз» деген сөзін тақырып етіп алып, арнаулы мақалалар жазды. Бұл басылымдар да, Ердоғанның «Құрметті бауырым, Құрметті ақсақалымыздың үлесін ұмыту мүмкін емес» деген сөздерін атап айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев – Түркияның төбесіне бұлт төнгенде қолдаған бірінші Президент

Бұл туралы қазақстандық журналистерге берген сұхбатында Түркия Премьер-Министрінің орынбасары Тугрул Туркеш айтқан болатын.

«Назарбаевпен әр кездесу нәтижелі өтеді. 15 шілдеден кейін ол бізді қиын кезде қолдау үшін келген алғашқы Мемлекет басшысы. Ол төңкеріске қарамастан өз ұстанымын өзгертпеді. Бұл бізге үлкен қолдау болып отыр», – деді Т.  Туркеш.

Екі Президенттің өткізген баспасөз конференциясында Ердоған Елбасыға қиын сәттегі осы қолдауы үшін алғыс білдірді.

Осыған орай түріктің ең ықпалды басылымы «Хурриет» газеті Ердоғанның Қазақстан Президентін қарсы алуына аса мән беріп, арнаулы мақала жариялады. Онда Елбасымыздың Түркияға төңкерістен кейінгі сапарлай келген алғашқы президент ретінде келуінің саяси салмағын сараптай келе, Ердоғанның көрсеткен ықласының әдеттегіден өзгеше екенін жазды. Бұл жолы президентті қарсы алу салтанатына әскер емес арнаулы күш тартылған. Қауіпсіздік ең жоғары деңгейде қамтамасыз етілген.

Ердоған: Анкара мен Мәскеу қатынастарын қалыпқа келтірудегі Назарбаевтың еңбегін еш уақытта ұмытпаймыз

Түрік Республикасының президенті Режеп Ердоған біздің Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа Анкара мен Мәскеу арасындағы өзара қатынасты қалпына келтіру ісінде қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.

«Шындығында, Ресеймен ара қатынасымыздағы шиеленіс кезеңінде Нұрсұлтан Назарбаев бірнеше рет Путинмен кездесіп, келіссөздер жүргізді, біздің қатынастарды қалпына келтіру ісінде үлкен қолдау көрсетті. Өзбекстандағы ШЫҰ соңғы саммитінде ол арнайы елші жіберуімді сұрады, мен жібердім. (...) Біз Назарбаевтың еңбегін еш уақытта ұмытпаймыз. Тағы да өз атымнан, түрік халқының атынан Түркия мен Ресей арасындағы өзара қатынасты  қалпына келтіру ісінде зор ықпалы үшін алғыс білдіремін», - деді Ердоған екіжақты келіссөздер қорытындысы бойынша баспасөз конференциясында.

Түрік газеті: Назарбаев – әлемдегі ең белсенді 10 лидердің бірі

Түріктің «Әуелі Отан» газеті 5 тамыз күнгі санында «Түркия-Ресей татулығындағы Назарбаевтың рөлі» атты арнаулы мақала жариялады.

«Таудай алғыс Құрметті Назарбаев, екі бауырлас ел әрқашан, әр жағдайда да бір-бірінің жанында!» деп басталады мақала. Онда Қазақстанды «Азияның жарқыраған жұлдызы» деп сипаттай келе, Түркі Әлемі мен жаһандық саясаттың шебер саясаткері ретінде Назарбаевқа құрмет көрсетіледі. Елбасымыздың түрік-орыс қатынасын жақсартуындағы ерекше рөліне арнаулы тоқталған газет, ҚР Президентін «әлемнің ең белсенді 10 лидерінің арасында» деп жазды.

Аталмыш мақала соңында Назарбаевтың Түркияға сапарына «Анадолыдағы 78 миллион қазақтың атынан» ризашылық білдірген.

Әлеуметтік желілерде түрік азаматтары Қазақстан басшысының «Бауырымның жанында болу үшін келдім» деген сөздерін ерекше құрмет көріп, екі бауырлас елдің көреген басшыларының қайраткерлігін, Қазақстанды және «Түрік әлемінің көшбасшысы» Назарбаевты мақтан тұтып, осы жолғы сапарына алғыс жаудырып жатты.

Қазақстан мен Түркия – Жібек жолын тоғыстырушы елдер

 «Біздің ендігі мақсатымыз – екі елдің арасындағы сауда-саттықты 10 млрд. долларға жеткізу. Біздің келіскен жаңағы құжат аясында жоспарланған, орындалып жатқан 20 инвестициялық жоба бар. Бұл жобалардың жалпы құны 813 млн. доллардан артық»,– деді Елбасы.

Бұдан кейінгі кезекте Мемлекет басшысы Қазақстан мен Түркия ежелден Ұлы Жібек жолын тоғыстырған елдер екеніне тоқталып өтті. «Бүгінгі таңда мемлекетіміз Шығыс пен Батысты жалғастыру дәстүрін жоғалтқан жоқ. Ердоған мырзаның Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына Түркияның қабылдануы жөніндегі ұсынысын толықтай қолдаймын, ШЫҰ-дағы біздің әріптестеріміз де қолдайды деп сенемін»,– деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақ-түрік лицейлеріне қатысты Қазақстанның өз айтары бар

Елбасының Анкараға сапарында елдің ерекше назар аударып, тағатсыздана күткені де Елбасының қазақ-түрік лицейлеріне қатысты ұстанымы болатын. Түркиядағы төңкеріс әрекетінен соң ол елдің басшылығы бүлікке ғалым Ф.Гүленнің қатысы бар деп, бірқатар елде жұмыс істеп тұрған түрік лицейлерін Гүлен ұстанымдарымен байланыстырып, оларды жабу туралы ұсыныс жасаған еді.

«Қазақстанда жұмыс істеп тұрған мектептер – біздің мемлекеттің мектептері. Бұл мектеп оқушылары Қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерінде білім алады. Мектептерде жұмыс істейтін оқытушылардың 90 пайызы Қазақстан азаматтары және тек 8-9 пайыз оқытушылар Түркиядан балаларын оқыту үшін келеді.

Ол мектептерде білім беру сапасы өте жоғары. Білім алатын 9 мың баланың бірнеше мыңы әлемдік олимпиада, байқаулардың жеңімпаздары, олардың барлықтары университеттерге түседі», - деді Н. Назарбаев.

Сонымен қатар, Елбасы Түркия тарапының өтінішін де жерде қалдырмайтынын, екі ел білім ведомстволары өкілдерінен құрылған комиссияның қазақ-түрік лицейлерінің оқыту бағдарламасын тексеруге мүмкіндік беретінін айтты.

Дархан Мұқантегі

Qamshy.kz

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір