• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

01 Қараша, 05:06:23
Алматы
+12°

13 Қараша, 2019 Барлық аймақтар

Бүгінгі қоғамның латын графикасына көшу белсенділігін елдімекендердегі, әлеуметтік желілердегі жарнамаларды, мекеме, ұйым маңдайшаларын, көше, өнім атауларын  жаңа әліпбиге қарқынды түрде ауыстыруынан аңғаруға болады. Әрине бұл қуантарлық жағдай. Жарнама – қоғамды ақпараттандырудың жазбаша құралы болғандықтан, қоғамның жаңа латын әліпбиінен де практикалық тұрғыда ақпарат алатыны сөзсіз. Осыған орай жаңа әліпбимен жазылған жарнама мәтіндерінің мынадай тілтанымдық артықшылықтары бар:

біріншіден, жаңа графиканы тануда лингвопсихологиялық кедергіден оңай өтуге мүмкіндік береді. Қала көшелеріндегі үлкенді-кішілі баннерлерде жарнама мәтіндеріндегі немесе маңдайшалардағы жаңа емлемен жазылған жазулар жарнама қабылдаушылардың көздағды, оқылым әрекеттерін бейімдейді. Профессор Қ.Күдеринованың айтуынша,  латын графикасымен жазылған жазулар адам санасында графикалық портрет болып орналасады. Бір бейнені немесе типтік бейнені қайталап көре берген көз сол образды «суретке түсіріп», санаға елес ретінде салып қояды. 

       екіншіден, әлі де қоғамда «өз тілімізді жетілдірмей тұрғанда латын тілінің қандай қажеттілігі бар» деген сияқты ара-тұра латын әліпбиі мен латын тілімен шатыстыратындарға жарнама мәтіндеріндегі жаңа әліпбимен жазылған қазақ сөздері  латын әліпбиіне тіл ауыспайды, таңба ауысады деген графикалық ақпарат беріледі.

       үшіншіден, еліміздегі латынсаналы шетелдіктер үшін қазақ тілін практикада оңай меңгеруге септігін тигізеді. Кирил таңбаларын танымайтын шетелдіктер маңдайшалардағы  қазақ сөздері мен сөз тіркестерін оқи отырып, оны саналы түрде практикада меңгереді. Мысалы,  «Sen sulý» shashtarazy деген тіркесті сөйлеу барысында «Sen sulý» shashtarazy bar. «Sen sulý» shashtarazyna bardym деген тілдік конструкцияларды практикада қолдана алады. 

       төртіншіден,  әлеуметтік желілерде отандық өнімдер атауларын жарнамалауда тек республика көлемінде ғана емес, халықаралық деңгейде таралу аймағы кеңейеді.

     Енді кезекте жаңа графиканы реформалауда кирилл жазуымен болған жарнама мәтіндеріндегі кемшіліктерді қайта болдырмаудың әдістемелік жолдарын іздестіріп, қоғамның жаңа әліпбиді жарнама ісінде сауатты пайдалануына  жағдай жасалу қажет.

Жалпы біз тек жарнама мәтіндеріндегі сауаттылықты ғана емес, көліктердегі  ауызша хабарламардың, әлеуметтік желілердегі аудио- және бейнежазбалардың да сауаттылығына да аса көңіл бөлуіміз қажет. Себебі қала көліктеріндегі қазақ тілінің мәртебесіне және тілдік заңдылығына қайшы келетін ауызша хабарламалардың   қазақ тілінің орфоэпиялық заңдылығына сәйкес дыбысталмай жатқан жағдайлар да кездеседі.  Сонымен қатар бүгінгі күні орыс орфоэпиясымен айтылып жүрген орыс тілі арқылы енген шеттілдік сөздер жаңа емле бойынша  қазақ тілінің дыбыстық әуезіне сәйкес игеріліп жазылып және айталатын болса, шеттелдік сөздердің жазылым мен айтылым нормалары да қатар меңгертілу керек.  

Нарық заманы болғандықтан, жарнама беруші өз өнімдеріне жұртшылықтың назарын аудару үшін жарнамалауға мүдделі. Дегенмен осындай графикалық кеңістіктегі жарнамалардың көпшілігі қателерге тұнып тұр. Бұдан бүгінгі заманауи қоғамның жарнама мәтіндерін ұсыну барысында тілтанымдық мәдениетінің төмендігін аңғарамыз.  Осы бойынша жаңа емлемен жазылатын жарнама мәтіндері мен ауызша хабарламалар мен бейнежазбаларды әзірлеу барысында мынадай  мәселелерді ескеруді қажет деп санаймыз:

  • қазақ тілінің тазалығына жауап беретін және сауатсыз жарнамаларды алдын алу үшін «Мониторинг» орталығын құру;
  • жаңа емлемен түзілген жарнама мәтіндерін әзірлеу барысында тілтанушы мамандарды қатыстыру және жарнама жасаушыларға әдістемелік кеңестер беру;
  • жаңа емле бойынша ауызша хабарламалардың, аудио және бейнежазбалардың орфоэпиялық заңдылыққа сәйкес дайындалуын қадағалау;
  • жарнама мәтіндерінің орфографиялық нормаға сәйкес сауаттылығы А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының лингвистикалық сараптамасынан өткізу;
  • жарнама – көпаспектілі лингвистикалық құбылыс. Осыған орай жарнама берушілер жарнаманың прагматикалық, коммуникативтік, лингвомәдениеттанымдық, эстетикалық, полиграфиялық тұстарына ерекше көңіл бөлінуі керек. Себебі оқырмандар үшін жарнама мәтіндерінің орфографиялық және стильдік нормаларымен қоса эстетикалық құндылығы, графикалық безендірілуі, вербальды компоненттерінің, паралингвистикалық құралдарының берілуі адам санасына визуалды түрде ықпал етеді;
  • жаңа емле бойынша жарнама мәтіндерінің бірізді жазылуына бағытталған нұсқаулықтар мен анықтағыштар жарияланып, электронды форматта әрбір қоғамның мүшесіне қолжетімді ету;
  • телеарналар арқылы жарнамалар мен хабарламалар, аудио-, бейнежазбалардың қазақ тілінің жазбаша және ауызша нормаларына сәйкес сауаттандыру бойынша насихаттау жұмыстарын күшейтіп, оқу сабақтарын жүргізетін арнайы телебағдарлама құру;
  • еліміздегі жарнама агенттіктеріне, жарнама орталықтарына жаңа емле бойынша арнайы курс сабақтарын жүргізу;
  • жылына бір рет республикалық деңгейде «Үздік жарнама» байқаулары мен «Қазақ тілінің тазалығына» қатысты жалпықалалық, аудандық акцияларды жиі ұйымдастыру.

Қазақ еліндегі қазақ тілінің шынайы бет-бейнесі жарнама мәтіндерінен көрініс табады. Жаңа графикаға көшу тілтанымдық реформа болғандықтан, жарнама жасау ісіндегі басты мәселелерді назардан тыс қалдырмай, аса мән беруіміз қажет. Себебі жаңа емлемен жазылған сауатты жарнама қоғамның тілдік санасын өзгертуіне оң ықпалын тигізеді.

 Айнұр  Сейітбекова,

А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі

институтының Тіл тарихы бөлімінің

жетекші ғылыми қызметкері,

филология ғылымдарының кандидаты

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір