• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

01 Қараша, 04:54:19
Алматы
+12°

07 Қазан, 2019 Айтты-ей, бауырың!

Мұхамеджан Тазабек: Мен оның жамағатының бірімін...

Ол жерде сенің діни маман емес, қоғам қайраткері, патриоттықты ту еткен ақын ретінде ақтарылып жатқаныңды кім ұқсын?!

Жан-жақтан сұратып жүріп, өткендегі видеоның қалған үзіктері де қолға түсіп жатыр. Шашылған айнаның сынығындай басқалары табылып жатса, оны да шығарармын, бұйыртса.

Алланың әмірі солай, қазір әлемді ақпарат билеп тұр. Билегені сондай дүниежүзілік саясат пен қараша үйіңнің қарым-қатынасына дейін дегенін жасап-ақ жатыр. Біреуді жақсы көріп, жек көруіңе дейін жүректің қалауы емес, желінің қалауы қаттырақ әсер етеді. Оны не үшін айтып жатырмын. Бірнеше күн бұрын тараған менің видео-кесінділерім жайлы...

Тыңдаған жұрт әртүрлі пікір білдірді. Соның ішінде діндар, ұстаз, оқыған бауырларым да бар. Үйіріп соққан ақпарат дауылы, Қайрат Жолдыбайұлы секілді биязы бауырымды да ортаға алып шықты. Ашуға мінгізіп, ашына сөйлетіп, біраз артық-кем сөз жазғызды. Қайрат кім!

Ол — мен намаз оқитын мешіттің имамы. Мен оның жұма сайын артында тұрған жамағатының бірімін. Менің құлағымда байсалды имамның қоңыр даусы, көз алдымда жұмсақ жымиған бейнесі ғана...

Ақпарат-фитнасының қиындығы сондай, мешітте баршамызға сабырды уағыздап, салқынқандылықты насиxаттап жүрген имам бауырымыздың өзін эмоцияға ұрындырып, бебеулетіп жіберді.

Расында, көрген видеоңда, Меккенің жағдайын мысалға келтіре отырып, "ол жерде жамбасқа тепкен", "әлем ғұламаларының бәрі пәтуә берген", "полиция, сен приказды орында!" деп жатса, имам түгілі, мүфтидің өзі селк ете қалуы мүмкін ғой...
Ол жерде сенің діни маман емес, қоғам қайраткері, патриоттықты ту еткен ақын ретінде ақтарылып жатқаныңды кім ұқсын?!

Қолдан қиыстырып, таңдап жасалып, тарқалған видеоның да негізгі мақсаты сол еді, тарқатушылардың арманы да сол еді. Ойдағысы орындалды. Қоғам қақ бөлінді. Түсіне қарайтындар мен түсінгісі келмейтіндер боп екіге бөлінді. Біреу Мұxамеджанға сенгісі келеді, біреу Қайратты қолдап бәйек болуда.

Ақпараттық арандату мен идеологиялық іріткі деген осы. Расында осы видеоны мен өзім таратып, немесе, осыған ұқсас оспадар насиxатты жалпыға немесе құзырлы орындарға айтып жатсам, қалай айыпталсам да арманым болмас еді. Ащы ақпарат ышқынтып алдыға шығармаса, имам бауырымыз "атеистпін" деп жүрген Аблязовпен, дін мен дін адамдарын күнде мазақ қып жүрген танымал блогерлермен бір сапта тұрып, өз жамағатының "айыбын" ашып, өз досының жағасынан тартар ма еді? Әрине, өйтпес еді.

Ақпарат ашындырмаса, жекеге шығып, жөнін сұрар еді ғой. "Бұл не, бір жақты насиxат?" деп, ақиқатын білер еді ғой. "Раxманның құлдары" деген бір чатта отырмыз, жаһанға жария айтпас бұрын, жақын жерден жауабын оп-оңай алар еді ғой.

Ақпараттық киллерлердің кіріскен жерін қарасаңызшы. Әйтпесе, екі мұсылманның егесіп жатқаны, ешкімге пайда емес екенін, бұл кісіден артық білер, Қазақстан руxаниятында кім бар еді?

Менің айтпағым, ақпарат дәуірі деген қазір осындай. Жәй адам түгілі, Құдай ілімін игерген, әр қылығы өзгеге үлгі болатын, әр сөзі үшін қияметте сұралатынын білетін, діндар-тақуалардың өзін, ызбарлы бейнеге, ызақор кейіпке түсіреді.

Арнайы жасалған видеоға иланып қалмаса, "дін сүйкімсіз көрінетін болды-ау" деген жанашырлығымен жанұшыра асығыс пост жазбас еді ғой. Әйтпесе, журналистке берген әр сұқбатын жеке диктофонына қоса жазатын құрметті Қайрат бауырым, біреуден келген ақпараттың артын тексеру керек екенін жақсы біледі ғой.

Шәй дескен жеріміз жоқ, ол үйдегі келіннің қолынан мен ас ішіп, біздің үйден Қайрекең дәм татып жүрген күндер кеше ғана емес пе еді...

Діни басқарма мен комитет отырыстарында маңызды мәселелерді бірге талқылап, қатар отырған сәттеріміз қалай естен шықсын... Найзағайдай ақпараттың жарқ ете қалғандағы жаман жері де осында. Алды-артыңды ойлатпай, ұрандатып жібереді. Әйтпесе кез-келген ақпараттың артын күтіп, сырын тексеруді бізге талмай үйреткен имам бауырларымыздың өзі емес пе еді?!

Қазіргі уақытта, алды-артымызды ораған ақпарат, ата-анамыздан әсерлі, жұбайымыздан да жақын боп бара жатыр. Қоғам боп соттап жатқан педофилді боқтамауыңыз мүмкін, бірақ, ақпараттың әсерінен кеше ғана тәнті боп отырған тұлғаны бүгін ойланбастан қарғап отыруымыз мүмкін.

Ақпарат алаңы – қып-қызыл соғыс майданы. Ақпарат арқылы идеологиялық соғыс жүріп жатыр. Мықты болсаң жақсылығын игересің, әлсіз болсаң, жамандығына иленесің. Теxнология дамып, ақпарат алу жылдамдағанның арқасында 100 жыл бұрын бір кісінің 40 жылда тірнектеп жинайтын білімін, қазір 4 жылда игеретін мүмкіншілікке ие болдық. Интернет арқылы сауда жылдамдап, байланыс үдеді...

Керісінше, ақпараттық жарнаманың әсерінен ғылым егелері мен майталман еңбек адамдары тасада қалып, шоу бизнес пен той бизнес өкілдері қоғамның алдына шықты. Мұғалімнің айлығы мен тамаданың табысы он есе айырмашылыққа жетті. Математик Жұмаділдаевтың бір дәрісін тыңдамаған ұрпақ, төбелескіш Хабибтің әр жекпе-жегін жатқа білетін жағдайға жетті. Жарнаманың жетектеуімен жыртық шалбарды қуана киіп, омырауын жапқанға оқырана қарайтын болдық. Кинотеатрдан шыққан сайын қол ұстасқан еркектерді байқамаған боп, сүйіскен қыздарға сөйлеуден қалдық.

Әлеуметтік желіні әулиедей көреміз. Күніне жүздеген ақпарат келеді. Жүрегіңді жүз жаққа сүйрейді. Кейбірі ескірген ақпарат, көбісі өтірік боп шығады. Ақырында, сығылған жүрек, шаршаған ми, тозған жүйке үшін кім жауап береді? Ешкім де...

Себебі, заман сондай, уақыт үрдісі осылай...
Аман қалу үшін, жүректе әділ таразы болмаса, руxани сүзгі, имани имунитет болмаса, шаршағанымыз шаршаған, шатасқанымыз шатасқан...

Мұхамеджан Тазабектің фейсбук парақшасынан алынған

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір